379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Джастин Лин: Астана экономикалық форумы – жағдайға жан-жақты баға беру алаңы

  • 156
  • UPD: 15:27, 16.05.2019

«Астана экономикалық форумының ел экономикасына ықпалы зор. Іскерлік алаңда дамудың жаңа жолдары айқындалады».

Бейжің университетінің деканы әрі Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі Джастин Лин арнамызға берген эксклюзивті сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Халықаралық деңгейдегі сарапшы Қазақстан экономикасынан бөлек жаһан елдерінің даму қарқынына баға берді.

Джастин Лин, Бейжің университеті жаңа құрылымдық экономика институтының деканы, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі:

- Қазақстанға осымен төртінші рет келіп отырмын. Оның екеуі Дүниежүзілік банктің өкілі ретінде 2008 және 2012 жылдары жүзеге асты. Сондай-ақ оған дейін бір мәрте ең алғашқы Астана экономикалық форумына арнайы қонақ ретінде қатысып кеткен едім. Осы уақыт аралығында Қазақстанның қол жеткізген табыстарын жоғары бағалаймын. Себебі, ол бастапқыда ТМД-дағы әлеуеті ең төмен ел болды. Бірақ үздіксіз дамудың арқасында беделі артып, дәрежесі жоғарылады.

- Астана экономикалық форумы биыл қаншалықты жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр?

Джастин Лин, Бейжің университеті жаңа құрылымдық экономика институтының деканы, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі:

- Астана экономикалық форумын ұйымдастыру идеясының өзі жоғары бағаға лайық. Түпкілікті мақсаттарыңыз өсіп-өркендеген, жан-жақты дамыған елдердің қатарына қосылу екенін білеміз. Оған қол жеткізу үшін қай жағынан мықты екендіктеріңізді түсініп алуларыңыз керек. Кейін не істеу керектігін анықтап, содан соң ғана мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді көре білу қажет. Осы ретте Астана экономикалық форумы – жағдайға жан-жақты баға беру алаңы. Өйткені онда кемшіліктер айтылып, жою жолдары көрсетіледі. Қауіп-қатерлер де ортаға салынады. Сондықтан форумның өткізілуі өте орынды. Ұйымдастыру жұмыстары көңіл қуантады. 

- Өзіңізге белгілі, елордамызда «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды. Бұл құрылым экономиканың дамуына қаншалықты оң әсер етуі мүмкін?

Джастин Лин, Бейжің университеті жаңа құрылымдық экономика институтының деканы, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі:

- Бұл ретте көптеген факторлар маңызды рөл ойнайды. Сөз жоқ, қаржы орталығының экономикалық әсері болады. Бірақ оның жағымды немесе жағымсыз болары саяси бастамаларға тікелей байланысты. Себебі, қаржы орталық үкімет пен қоғамға бірқатар мүмкіндіктер ұсынары хақ, алайда барлығы біркелкі жолға қойылмайынша, қандай да бір баға беру қиын. Менің ойымша, қазір қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігер жұмсалады.

- Біздің қаламызда халықаралық стартап орталығы белсенді жұмыс істейді. Онда қолға алынған жобалар экономиканы дамытудың тың тәсілі деген пікірмен қосыласыз ба?

Джастин Лин, Бейжің университеті жаңа құрылымдық экономика институтының деканы, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі:

- Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін ішкі және халықаралық деңгейде интеграцияны жолға қою керек. Одан бөлек қарым-қабілеттеріңізді байқау үшін нарықта бірқатар зерттеу жүргізіп алу маңызды. «Астана Хаб» осы бағытта жұмыс істеп, тиісті ақпараттар алуға көмектеседі. Нәтижесінде басым салаларды дамытып, бәсекеге қабілетті бола түсесіздер. Өзге елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар да хабтарды құрып, өсіп-өркендеуге өзіндік жол ашты.

- Біздің елдің экономикасы мұнай мен газға тәуелді. Әлемдік сарапшы ретінде осы мәселені шешу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

Джастин Лин, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі, қытайлық экономикалық зерттеулер орталығының негізін қалаушы:

- Қазір Қазақстан экономикасы қазба байлыққа тәуелді. Яғни әртараптандыруға тезірек көшу қажет. Бұл – өңдеу саласын өркендетіп, қызмет көрсету сапасын арттыру деген сөз. Оған қалай қол жеткізуге болады? Алдымен қазба байлықты өндіру жұмысын жүйелеп, әртараптандыруға ден қоя алатын сауатты менеджмент қалыптастыру керек. Қазақстанда не керек, барлығы бар. Тек соны кәдеге жарата білсе, пайда да көл-көсір болады.

- Енді әлемдік деңгейдегі мәселелерге ойыссақ. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы өршіп тұр? Осы жайтқа сіздің көзқарасыңыз қандай?

Джастин Лин, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі, қытайлық экономикалық зерттеулер орталығының негізін қалаушы:

- Сауда – екі жаққа да тиімді жұмыс. Алайда сауда соғысы болса, ол өте зиян екені айтпаса да түсінікті. Біз барлық мемлекетпен, оның ішінде әсіресе АҚШ-пен жайлы қарым-қатынаста болуды қалаймыз. Ал егер АҚШ сауданы қысым көрсету құралы ретінде қолданса, ол олардың өз еркі. Біз мұндай ұстанымнан аулақпыз. Қытай сауда-саттықты арттыруға қашан да мүдделі.

- Қытайдың Орталық Азия елдерімен әріптестік тұрғысында ұстанымы қандай?

Джастин Лин, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі, қытайлық экономикалық зерттеулер орталығының негізін қалаушы:

- Қытайдың Орталық Азия елдерімен байланысы қолайлы. Біз «Бір белдеу, бір жол» саясаты аясында инфрақұрылымды бірлесіп дамытып келеміз. Сол арқылы елдерді жақындастырып, дамуға жаңа жол ашқымыз келеді.

- «Бір белдеу, бір жол» форумына біздің Тұңғыш Президент - Елбасы да қатысып қайтқан еді. Мінберде сөйлеген сөзінде «Жібек жолы саясатын ғаламдық деңгейде дамыту қажет» деді. Осы пікірмен қосыласыз ба?

Джастин Лин Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі, қытайлық экономикалық зерттеулер орталығының негізін қалаушы:

- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» форумында сөйлеген сөзіне баса мән бердім. Ол өте маңызды болды. Тұңғыш Президент мырзаның Қазақстан, Азия және әлем қандай болу керектігін айтты. Ол да инфрақұрылымның бір-біріне байланысу керектігін атап өтті. Менің ойымша, осы бағыттағы достығымыз жалғаса береді.

Сұхбаттасқан – Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы