378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ-тің биылғы ерекшелігі неде?

  • 160
  • UPD: 20:44, 16.05.2019

Адами капитал, технологиялық өсім, ақылды қалалар.

Бұл биылғы форумға арқау болған көп тақырыптың бір парасы ғана. Адамзат үшін өзекті саналатын осы мәселелерді талқылауға жаһанның қиыр-қиырынан 5 мыңнан астам қонақ келді.

Астана экономикалық форумы. Алқалы жиын осымен он екінші мәрте өтіп отыр. Мазмұны терең. Тақырыбының өзі ауқымды. «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» деп аталады. Жаһандық күн тәртібінде – Аймақтық макроэкономикалық даму, болашақтың қаласы, технологиялық өсім, адами капитал. 

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда әлемде апта сайын 1 миллион 300 мың адам ауылдан қалаға көшеді. Осылайша 2040 жылға қарай жер бетіндегі тұрғындардың 65 проценті қалалық болады деген болжам бар. Бұл көрсеткіш – қазір 55 пайыз. Елді мекендерден шаһарға қоныс аударатындардың дені африкалықтар мен азиялықтар болмақ. Сондықтан бұл тақырып та биылғы форумға арқау болмақ.

Форумға әлемнің 74 елінен сарабдал сарапшылар, саясаткерлер һәм бизнесмендер мен ғалымдар келген. Ұзын ырғасы 5 жарым мыңдай адам жүр. Қош. Енді ақпараттың бәрін жер жаһанға тарату керек қой. Сондықтан баспасөз орталығында тілшілік тіршілік қызған. Жұмыс қайнап жатыр. Дәлірегі...

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жаңалық таратып жатыр. Биылғы форумға әлемнің 30 елінен 700-ден астам журналист тіркелген. Алқалы жиында айтылған әр сөз қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз сынды бес тілге тікелей аударылды. 

Шет елден келген тілшілерді сырттай бақыладық. Саусақтары кідірместен жүгіреді. Форумда айтылған әр сөзді қалт жібермей жазуға тырысып бақты. Тіпті көздерін экраннан алмай, мәтін теріп отыр.

Ели Хаджиева, медиа саланың өкілі /Бельгия/

– Елдеріңізге алғаш келуім. Астана экономикалық форумына бұрын-соңды қатыспағам. Әсерім бөлек. Бүгін маңызды мәселелер талқыланып жатқан форумнан түйгенім – Қазақстанда адами капиталға деген көзқарас ерекше. Білім, инновация салалары жаңа деңгейге көтерілген. Өзім осы бағыттарды жазып, ақпарат көздеріне таратып жатырмын.

Жә. Форумда сан түрлі идея айтылды. Әлі де айтылмақ. Мәселен, біздің ел мен Швейцария арасында ортақ валюта енгізу мәселесі қаузалды. Ұсыныс – швейцариялық тараптікі.

Гели Де Хаутефорт, «Globcoin» компаниясының бас директоры /Швейцария

– Қазақстан – Еуропа мен Азияны жалғап жатқандықтан, инвестиция құюға сұранып тұрған ел. Сондықтан біз мемлекеттеріңіз бен Швейцария арасында электронды ортақ валюта енгізу идеясын ұсынбақпыз. Нәтижесінде кедендік кедергілер азайып, тауар айналымы арта түсер еді.

Ал Сауд Арабиясынан келгендер біздің елмен жасыл экономика саласында келісім жасасуға ниетті. 2020 жылға қарай Қазақстанда өндірілетін баламалы қуат көзінің үлесін үш пайызға жеткізу міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш – тек 0,9 процент. Сондықтан форумдағы уағдаластық жүзеге асса, жасыл экономикада арабтардың да тәжірибесі кәдеге жарауы мүмкін.

Крэйг Смит, Dhahran techno valley компаниясының бас директоры /Сауд Арабиясы/

– Біз Сауд Арабиясында кеңінен қолданылатын күн және жел энергиясын жалпы жасыл экономиканың қарқынды даму үлгісін қазақстандық әріптестермен бөліскіміз келеді. Бұл бағытта екі ел арасындағы меморандумдарға қол қоямыз деген үміт бар.

Форумда ұзын саны 100 ден аса келісім жасалмақ. Оның басым бөлігі адами капиталды, бизнесті дамытуға арналады. Сондықтан алқалы жиыннан күтер жақсылық мол.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Форум экономика, бизнестің жаңа тынысын ашады. Тың жобалар пайда болады. Панельді сессияларға қатысып, екіжақты кездесулерде бизнес өкілдерімен бірнеше меморандумға қол қоймақпыз.

Александр Петров, Еуразиялық экономикалық комиссия министрінің көмекшісі:

– Астана экономикалық форумын әлемнің бірнеше елдерінің дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі деп атар едім. Себебі осы жерде даму бағыттар айқындалады. Озық идеялар айтылады. Мәселен былтырғы форумда ауыл шаруашылығын трансформациялау мәселесі қаралған еді. Бұл тұрғыда жұмыстар басталды. Инвестиция құйылды. Енді Қазақстандағы 500 шағын шаруашылық экономикаға өзінің оң әсерін тигізе алады. Алдағы 3 жылда биылғы жиынның да нәтижелерін көре бастаймыз.

Форумның ерекшелігі 12 жыл ішінде алғаш рет 50-ден астам сессия мен түрлі кездесу өтпек. Тұңғыш рет жастар іс-шараға тегін қатысуға мүмкіндік алды. Студенттер үшін Нобель сыйлығының лауреаттары мен саяси қайраткерлер дәріс оқымақ. Сондықтан болар, алқалы жиынға деп биыл бір миллиардтай теңге бөлінді. Қарымтасы һәм қайтарымы болады деген сеніммен. Жаһан жұрты көз тіккен форум ертең де жалғасады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әлібек Әлиев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы