388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венчурлық капиталды дамытудағы мемлекеттің рөлі қандай?

  • 365
  • UPD: 23:01, 16.05.2019

Экономикасы озық елдер стартап экожүйесін дамытуға ден қойғалы қашан.

Дамыған елдерде талант пен стартап компаниялар үшін талас жүреді. Қазақстан да өз компанияларының өсуіне, тың технологиялардың іске асуына қаржылық қолдау көрсетуі тиіс.

Яғни салынған ақша тиімді салаға жұмсалып, оның өтеуінен мемлекетке пайда түсу керек. Осы мәселе бүгін Астана экономикалық форумында жан-жақты талқыға түсті.

«Бәйтерек Холдингінің» ұйытқы болуымен өткен сессияда Қазақстандағы венчурлық қорлардың жұмысы сөз болды.   

«Бәйтерек Холдингі» биыл еліміздегі алғашқы екі венчурлық қорын құрды. Олардың жұмысы отандық стартаптың өрістеуіне жол ашуы тиіс. Қазақстан бұл бағытта Сингапур мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйене отырып, елдегі инновациялық экожүйені дамытуды көздейді.

Әділ Нұрғожин, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:

– Бизнесмендермен жұмыс істеу керек. Бизнесмендердің технологияны қолдануына мүмкіндік туғызу керек. Егер қаржы жұмсалатын болса, ол коммерциялық тұрғыда жұмсалу керек. Ол қаржы қайтадан мемлекетке қайтып келу керек деген тұрғыдан шығып жатырмыз.

Қазақстанда бұған дейін жаңа технологияларды дамытуға гранттар бөлініп келді. «Бұл тиімсіз, енді нарықпен тікелей жұмыс істейтін венчурлық қорлардың санын көбейтуге басымдық берген дұрыс», – дейді сарапшылар. Яғни осы салада кәсіби басқарушы компаниялар құру арқылы мемлекет пен жеке меншік арасындағы іскерлік байланысты дамытуға болады. Мұндай тәжірибе соңғы онжылдықта Азия елдерінде өз жемісін бере бастады.

Пун-Ардж Чайратана, Таиланд ұлттық инновациялық агенттігінің атқарушы директоры:

– Таиландта венчурлық нарық капиталы 20 жыл бұрын құрылған. Соңғы бес жылда біздің елдегі стартап инвестициялар нарықтағы белсенді салаға айналды. Әлеуеті жоғары халықаралық компаниялар келе бастады. Сондықтан ел үкіметі оң өзгерістерге мән беріп, ережелерді жаңартып жатыр.

Қазір елімізде басқарушы компаниялар аз. Енді мемлекет басты инвестор ретінде жаңа технологияларды дамытуға қаржы бөледі. «Қолдау алған 100 стартаптың 10-ы нарықта табысқа кенелсе, соның өзін жетістік санауға болады», - дейді сарапшылар.

Авторы: Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы