378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз экономиканы барлық салада дамытқымыз келеді

  • 89
  • UPD: 22:54, 16.05.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумына келген Нобель сыйлығының лауреаттарымен жеке кездесті.

Кең құрамда өткен басқосуда елімізге жаңа технологиялар тарту, оларды өндіріске енгізу секілді бірқатар маңызды мәселе қаралды.

Бұл – әлем тарихында революциялық жаңалық енгізіп, әйгілі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген Нобель сыйлығының лауреаттары мен белді саясаткерлер әрі экономистер. Қазақ елінің бас қаласында өтіп жатқан Астана экономикалық форумына алыстан жеткендердің бір парасы. Келелі кездесуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйытқы болды. Президент өз сөзінде Қазақстан экономикасы жан-жақты дамып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның жетістіктерін айтар сәтте, біз жүргізген құрылымдық реформаларды атап өту керек. Яғни тек қазба байлықтың арқасында бүгінгідей деңгейге жетіп отырғанымыз жоқ. Ал әртараптандыру туралы айтар болсақ, үдеріс енді басталды. Ол қарқынды жүріп жатыр. Реттелуі тиіс мәселелер де бар. Жақын арада табиғи қазба байлықтар біз үшін аса маңызды болмайды деген ойдамыз. Біз экономиканы барлық салада дамытқымыз келеді.

«Білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз». Ел осы қағиданы берік ұстаса, дамудың даңғыл жолын таңдауда жаңылыспасы хақ. Оған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың да өзіндік үлес қосуы құба-құп. Дегенмен жиында алдымен әлемдік деңгейдегі мәселелер талқыланды. Әлемдік экономиканың дамуына тежеу болған жайттар да сөз болды.

Стэнли Фишер, АҚШ-тың федералды резерві төрағасының бұрынғы орынбасары, Израиль орталық банкінің бұрынғы басшысы:

– Менің ойымша, АҚШ президенті қазір ғаламда тариф саясатын өзгертіп жатыр. Ол өз кезегінде Американың өз халқына кері әсер етуде. Енді Дональд Трампты АҚШ азаматтарынан бөлек, енді кім жөнге саларын білмеймін.

Еліміз көздеген межелі міндет – жаңа технологияларды игеру, оларды өндіріске енгізу. Кездесуде осы жайтқа баса мән берілді. 

Хуан Мануэль Сантес, 2016 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбияның бұрынғы президенті:

– Колумбияда кедейшілікті жою үшін инновациялық ізденістерді көп жүргіздік. Методологияларды қарастырдық. Нәтижесінде әлеуметтің қай саласына қаржы құю керектігін анықтап, мәселені түбегейлі шеше білдік. Мен осы тәжірибені ұсынар едім.

Қазақстан – қос бірдей алып нарықпен шекаралас жатқан мемлекет. Бұның тиімді тұсы көп. Еліміз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз Ресей және Қытай секілді алып мемлекеттермен көрші болғанымызға қуаныштымыз. Дегенмен олардың өзге елдермен санкциялық мәселелері болғандықтан, келешекке өзгеше қарауымыз керек. Менің ойымша, қауіп-қатерлердің алдын ала білуіміз қажет.

Ристо Сииласмаа, Nokia компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

– Менің ойымша, мемлекетті технологиялық тұрғыда дамытуды мектептен бастау керек. Яғни жас ұрпақ оны пайдаланып, жаңа бағдарламаларды ойлап табуға бейімделсе деймін. Бірақ ол үшін заңнамалық тұрғыда өзгеріс қажет болады.

Жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – білім саласы. Әлемдік сарапшылармен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жайтқа өз көзқарасын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің елдің білім саласындағы қоры үлкен деп ойлаймын. Жастарымыз білімді. Оларды шетелге арнайы жіберіп те оқыттық. Өкініштісі, 50 пайыздайы сол жақта қалып қойып, басқа аймақтың дамуына үлес қосып жүр. Дегенмен жартысы Қазақстанға қайтып келіп жатыр. Енді осы елдің жаңа Президенті ретінде білім саласына баса көңіл бөлемін.

Елімізде экономиканы дамытумен қатар қоғамды жаңғырту үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Алға қойған ауқымды міндеттер де көп. Жиын соңында, Президент айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтты. Әрі мәртебелі меймандарды қазақ жерінде қашанда құшақ жая қарсы алатынын жеткізді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы