378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы инвестициялар форумында 45 меморандум бекітілді

  • 62
  • UPD: 23:48, 17.05.2019

Шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығында жұмыс істеуге мүдделі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елордадағы ІІІ жаһандық инвестициялар форумында бірнеше бағытта 45 меморандум бекітілді. Шетелдік компаниялармен 9 млрд АҚШ долларына тең коммерциялық келісімдер жасалды. Елімізде жаңа салада қандай жобалар қолға алынады?

Форум өз алаңында отандық және шетелдік компаниялардың мыңнан астам өкілдерін жинады. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін еліміз әлем мемлекеттері үшін инвестициялық тартымдылығы жоғары дәрежеде. Қазақстанның Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасына қатысуы да оған септігін тигізуде.

Сапарбек Тұяқбаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Инвесторлардың бірінші іздегені – бұл нарық. Қазақстанның айналасын қарайтын болсақ, қазіргі таңда 500 млн адамға жуық үлкен нарық қалыптасып отыр. Бұл Батыс Қытай, ЕЭО, және Орта Азияның басқа мемлекеттері.   

Құны 9 млрд АҚШ долларына тең 45 инвестициялық жоба. Форумда қол қойылған коммерциялық келісімдердің нәтижесі осы. Елімізде газ-химия, көлік және логистика, тамақ өнеркәсібі мен аграрлық салаларда ірі бастамалар қолға алынады. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда ресейлік тарап Түркістанда жылыжай кешенін салмақ. Орталық Азияда теңдесі жоқ нысанның құрылысына 1 млрд доллары жұмсалады.        

Александр Рудаков, «Апх Эко-культура» компаниясының басшысы:

- Ресейге сапасыз 800 мың тонна көкөніс импорттан келеді. Жоба арқылы 200 мың тонна өнім өсірмекшіміз. Осылайша сапалы көкөніс біздің нарыққа енгізіледі.

Қазақстан үшін жаңа секторларда бірқатар жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде 5G жобасын енгізу, ақпарат және коммуникация саласындағы өзге де инвестициялар.      

Биылғы дөңгелек үстелдің ерекшелігі – әлеуметтік салаға инвестицияның көптеп тартылуында. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында білім метрополисі салынады. Ал денсаулық сақтау бағытында Шымкентте 1000 орындық инновациялық клиниканың құрылысы жүзеге асады. Осылайша емдеу орны Орталық Азиядағы протон терапиясның жалғыз орталығы болмақ.

Қазақстан бизнес үшін жайлы мемлекеттердің бірі ретінде танымал. Былтыр Doing Business есебі бойынша еліміз 190 мемлекеттің ішінде 28-орынға тұрақтады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Еліміз шетелдік инвесторлар үшін ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады. Экономикамыз үшін инвестициялардың маңыздылығын түсіне отырып Үйлестіру кеңесін құрдық. Бұл бізге инвестициялық қызметте туындайтын кедергілерді шешуге және инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың өзінде Қазақстанға 24 млрд доллар шетелдік капитал құйылған. Бұл Орталық Азияға салынған тікелей инвестицияның 90 процентіне тең.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы