378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде заттар интернеті қалыптасады

  • 77
  • UPD: 23:43, 17.05.2019

QazTech Ventures компаниясы елімізге силикон алқабынан жоғары технологиялар тарту мен заттар интернетін қалыптастыруға күш салады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы мақсатта Дүниежүзілік экономикалық форуммен тиісті келісім жасалған. Отандық компания сондай-ақ жаңа технологияларды өндіріске енгізуге атсалысып, төртінші өнеркәсіптік революцияға ден қоймақ.

«Заттар интернеті» немесе «IoT». Бұл – бүгінде тұтас әлем бет бұрған жаңа даму бағыттарының бірі. Түпкілікті мақсаты – төртінші энеркәсіптік революцияға көшу. Еліміздегі QazTech Ventures компаниясы осы ауқымды міндетті қолға алды.

Медет Дюсембаев, «Qaztech Ventures» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біріншіден, венчурлық қаржыландыруды бастағымыз келеді. Он шақты қор құрып, инновациялық экожүйені қалыптастыруға кірісеміз. Мәселен, заттар интернетін дамытуды қолға алып отырмыз. Алайда оны реттейтін елімізде бірде-бір стандарт немесе заң жоқтың қасы. QazTech Ventures Дүниежүзілік экономикалық форуммен осы олқылықтың орнын толтыруды жоспарлап отырмыз.

QazTech Ventures-тің тағы бір міндеті – стартап жобаларды қолдау. Былтардан бері «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы тың бастамаларды қаржыландырып келеді.

Кеннет Рогофф, Гарвард экономикасының профессоры, ХВҚ бұрынғы экономисі:

- Менің ойымша, Қазақстан мұнай-газ секторында жаңа технологияларды дамытуы керек. Сондай-ақ сіздердің жер аумақтарыңыз өте үлкен. Онымен тауар тасымалдауға жайлы жағдай жасау үшін де жолдарды бейімдеу қажет. Сонда ғана осы салада көптеген кәсіпкерлік құрылымдар бизнес жасап, пайда табар еді.

Форум алаңында айтылған ұсыныстардың қай-қайсы да маңызды. Дегенмен QazTech Ventures ең алдымен құқықтық базаны қалыптастыруға айрықша ден қойып отыр.

Анастасия Калинина, Дүниежүзілік экономикалық форумы еуразиялық аймақ бағытының басшысы:

- Қазақстанда заттар интернетіне баса көңіл бөлініп отыр. Өзіңізге белгілі, алдағы 2 жылда жер шарында 20 миллиард құрылғы ғаламтор арқылы жұмыс істейтін болады. Сәйкесінше осы технологияны заң жағынан реттеуіміз керек.

Дүниежүзілік экономикалық форуммен әріптестік силикон алқабындағы өнертапқыштармен берік байланыс орнатуға да жол ашады. Бұл өз кезегінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының табысты жүзеге асуына игі ықпал етуі тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аят Дүйсебаев

Хабар 24 телеарнасы