384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елу мың теңгелік коллекциялық алтын монета айналысқа шықты

  • 588
  • UPD: 16:41, 21.05.2019
Елу мың теңгелік коллекциялық алтын монета айналысқа шықты

ҚР Ұлттық Банкі номиналы 50000 және 500 теңгелік алтыннан, номиналы 500 теңгелік күмістен «Eýrazialyq ekonomikalyq odaq. 5 jyl» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бұл монеталар Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығына арналған.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген. Монеталарды айналдыра оларға сәйкес келетін номиналдар, «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» және «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар, монеталар дайындалған металды, олардың сынамы мен массасын білдіретін жазбалар орналасқан.

«Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың ресми эмблемасы және соғылған жылын білдіретін «2019» деген сан бейнеленген. Эмблема айналасында интерференциялық түрлі-түсті бейнелеу және түсті бояу технологиясын қолдана отырып орындалған таспалы ою-өрнектерден және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің мемлекеттік туларынан композиция орналасқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тауар белгісі (логотипі). Монетаны айналдыра «EÝRAZIALYQ EKONOMIKALYQ ODAQ. 5 JYL» және «ЕВРАЗИЙСКИЙ ЭКОНОМИЧЕСКИЙ СОЮЗ. 5 ЛЕТ» деген жазбалар бар», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Монеталар:

- 999 сынамды алтыннан, номиналы 50000 теңгелік, массасы 1 кг, диаметрі 100 мм, таралымы 20 (жиырма) дана;

- 999 сынамды алтыннан, номиналы 500 теңгелік, массасы 31,1 грамм, диаметрі 32 мм, таралымы 500 (бес жүз) дана;

- 925 сынамды күмістен, номиналы 500 теңгелік, массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, таралымы 1500 (бір мың бес жүз) дана дайындалған.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған, кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

 

 

Хабар 24 телеарнасы