383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның инвестиция ахуалына қызыққан АҚШ кәсіпкері елімізге тұрақтаған

  • 171
  • UPD: 16:58, 21.05.2019
Қазақстанның инвестиция ахуалына қызыққан АҚШ кәсіпкері елімізге тұрақтаған

АҚШ Қазақстанға ең көп инвестиция құйған 10 мемлекеттің қатарында. Көптеген америкалық кәсіпкерлер ұзақ жылдар бойы елімізде жұмыс істеп келеді.

Инвестиция салуға жасалған қолайлы жағдай қалталы азаматтарды елімізге көптеп тартып отыр. 

Нью-Йорктің табысты бизнесмені Дэвид Бассиуни қазақ жеріне келіп, бірнеше жылға қалып қойған. Кәсіпкерді Ұлы даланың көркем табиғаты, архитектурасы мен мәдениеті, сондай-ақ халықтың қонақжайлығы сүйсіндірді. Ол елімізде кәсіп дамытудың бірнеше бағытын таңдады. Алдымен «Қазақстан-каучук» жобасына қомақты қаржы құйды. Дэвид  гүл тамырынан экологиялық таза резина шығаруды ұсынған. Бір саламен шектелмес үшін, консалтингпен де айналыса бастады. 

Дэвид Бассиуни, америкалық инвестор:

- Қазақстан жүрегіме жылы болған керемет ел. Өзім Шығыс Африка тумасымын, мәдениетіміз достық, адамгершілік қатынас пен сенімге негізделген. Осының бәрі Қазақстанда да бар. Халықтарыңыз жылы шырайлы, мәдениеттеріңіз бай әрі алуан түрлі. Ал біз секілді компанияларға маңыздысы АҚШ, Еуропа мен өзге елдердің инвесторларына қолдау көрсетуге бағытталған саясат жүргізіліп келеді.

Дэвидтің айтуынша, америкалық инвесторларды Қазақстан экономикасының әртараптандырылуы қызықтырып отыр. Олар тек табиғи байлықтарды игеруге бағытталған салалар емес, жаңғыртылатын энергия, инфрақұрылым және логистика салаларында жұмыс істеуге ниетті.

Дэвид Бассиуни, америкалық инвестор:

- Қазақстан Еуропа мен Азия арасында геосаяси тұрғыдан тиімді жерде орналасқан. Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамытып жүргені белгілі, ал Қазақстан осы белдеудің өзегі. Сол себептен елдеріңіз маңызды геосаяси ойыншы болып қала береді.

Дэвид Қазақстанға инвестициялардың көптен тартылуына қолайлы іскерлік орта, мемлекет пен жеке меншік секторларындағы білікті мамандардың болуы өз септігін тигізіп жүргенін ерекше атап өтті.

Дэвид Бассиуни, америкалық инвестор:

- «Болашақ» бағдарламасы жайлы білеміз, ол өз пайдасын әкеп жүр. Қазақстан аймақта мен әлемдегі жарқын жұлдыз. Тұңғыш Президентіңіздің көрегендегін атағым келеді, оның саясаты арқасында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетіп, қарқынды дамып келеді.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы