384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет тұралап қалған арнайы экономикалық аймақтардың мәселесін қарады

  • 447
  • UPD: 20:37, 21.05.2019

Қыруар қаржы шығындалған, бірақ жұмысы көңіл көншітпейтін арнайы экономикалық аймақтар бар. Мысал ретінде «Химпарктаразды» атауға болады.

Әрине жұмсалған қаражаттың есесін еселеп толтырған аймақтар да аз емес. Тіпті көп. Үкіметте олардың аты аталып, түсі түстелді. Енді бұл саладағы жұмысты ширату үшін үш жылдық стратегия әзірленеді.

Бүгінде елде бар 12 арнайы экономикалық аймақтың аумағында 183, ал 24 индустриялық аймақта 168 өндіріс іске қосылды. Тартылған инвестицияның көлемі 1 трлн теңгеге жуықтайды. Оның 27 пайызы - шетелдік компаниялардың капиталы. Есесіне 24 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Ауқымды істер атқарылды, алдағы меже одан да биік.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- 2021 жылға дейін осы аумақтарда 2,5 трлн астам теңгені құрайтын 318 жоба іске қосылып, 11,5 мың адам жұмыспен қамтылады, деп көзделіп отыр. Жаңа жобаларға жаңа инвестициялар тарту жұмыс орындарын құру бойынша жүйелі түрде жұмыста ұйымдастыру қажет.

Арнайы экономикалық аймақтардың дені өзінің тиімділігін дәлелдеген. Тіпті бұлардың кейбірі жұмсалған қаражаттың есесін еселеп толтырды.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, онда 1 бюджет теңгесіне 15,5 теңге инвестиция тартылған. Арнайы экономикалық аймақ мемлекет қолдауынсыз, өздігінен жұмыс істейді. Сондай-ақ «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын мысалға алуға болады, онда дайын өнімнің жоғары қайта балқытуымен алюминий өндірісі дамуда. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар арасындағы кооперациялық байланыстар табысты дамуда. Бүгінгі күні 1 бюджет теңгесіне арнайы экономикалық аймақ 12 теңгеден аса инвестиция тартып отыр.

Дегенмен, кейбір облыстарда жұмыс баяу жүріп жатыр. Бұл жақында қабылданған заңның дұрыс орындалмауына байланысты. Нәтижесінде басқарушы компаниялар өз міндеттерін тиянақты атқара алмай келеді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

-Аймақтардың көбінде басқарушы компаниялардың жұмысы жоғары деңгейде емес. Олардың өз шығындарын төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан, тек облыстық бюджетке қарап отыр. Тиімді басқарушы компанияларды тарту бойынша неғұрлым белсенді жұмыс жүргізу керек. Ол әкімдіктердің міндеті деп санаймыз. Жаңа заң шықты облыстар жоғары көрсеткіштерге жету керек.

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин елімізде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытудың үш жылдық стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы