383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасына «Самұрық-Қазынаның» стратегиялық даму жоспары таныстырылды

  • 137
  • UPD: 21:51, 22.05.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Самұрық-Қазынаның» стратегиялық даму жоспары таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 

Нұрсұлтан Назарбаевқа осы уақытқа дейін қорда атқарылған іргелі істер баяндалып, келешекте жүзеге асырылатын тың жобалар жөнінде ақпарат берілді. Тұңғыш Президент қордың қазіргі қарқынына жоғары бағасын беріп, алдағы уақытта активтерді көбейтуді және ұлттық компанияларды дамытуды тапсырды.

«Самұрық-Қазынаның» адымы алшаң қазір. Қорға қарасты компаниялардың барлығы қашықтан бақыланатын болған. Мамандар цифрлық технологияларды қолдану арқылы біраз шығынды үнемдей алды.

Тұңғыш Президентке қордың алдағы 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары таныстырылды. «Самұрық-Қазына» активтерді көбейтіп, ұлттық компаниялардың ілгерілеуіне басымдық бермек. Қазірдің өзінде толымды істер атқарылған. Жаңа басшылық келгелі қордың жұмысы жанданды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Кезінде менің Жарлығыммен «Самұрық-Қазына» қоры құрылды. Қазақстанның ең негізгі үлкен активтерін бір қордың ішіне жинап, осының бағасын көтеру үшін, елге қаражат табу үшін, жағдайын жақсарту үшін жасаған болатынбыз. Экономикасына артатын рөлі өте көп. Қазақстанның ең негізгі компаниялары, ең негізгі өндірістік орындары барлығы осының ішінде. Әр қайсысының өзінің тиісті рөлі бар. Өзінің жолы бар. Жеке-жеке болғанша, барлығы бір орынға бағынсын деп осыны жасадық. Біздің мемлекетіміздің дамуына үлесін қосу керек. Қосып та келе жатыр.

Осы күні «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құны 8 трлн теңге болатын 54 жобаны жүзеге асырып жатыр. 68 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Қор басшылығы елімізге шетелдік инвесторларды жұмылдыру үшін де біраз еңбектенді.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Біз Қор портфелін әртараптандыру үшін егемен қорлармен және халықаралық инвесторлармен стратегиялық серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда жалпы сомасы 13,3 миллиард долларды құрайтын екі жақты 28 келісімге қол қойылды.

Елбасы қорда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді. Нұрсұлтан Назарбаев шығындардың 5 есеге азайып, тендерлердің ашық әрі әділ жүргізіліп жатқанын айтты. Қордың осы тәжірибесі өзге мемлекеттік органдарға үлгі болуы тиіс деді.

Тұңғыш Президент қордың адам ресурстарын басқару саласында қолға алып жатқан шараларына да қолдау білдірді. Жиын соңында «Самұрық-Қазынаның» қаржы жағдайын одан әрі жақсартуға, еліміздің тауар өндірушілерін қолдауға, «Қазақтелеком» және «Air Astana» компанияларының акцияларын IPO-ға шығаруды көздейтін шешімдер қабылданды.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы