378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бәйтерек» холдингі бизнес-инкубаторларды қолдамақ

  • 207
  • UPD: 21:52, 22.05.2019

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі кәсіпкерлерге демеу болатын осы бағдарламаны жетілдіруге атсалысып жатыр. Алпауыт компания үш бірдей бизнес-инкубаторға қолдау көрсетуді көздейді. Ол үшін тіпті сингапурлік компаниялармен арнайы келісімшартқа отырмақ.

«Бизнестің жол картасы» – кәсіпкерлер керек еткен келісті бағдарлама. Іске қосылғалы 13 мыңнан аса адам соның шарапатын көрген. 90 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ел қазынасына түскен пайда 900 млрд теңгеден асады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мемлекеттік бағдарламаға қатысқан кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

– Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету – «Бәйтерек» холдингінің басты мақсаты Бізге қарасты «Даму» қоры кәсіп ашсам деген кәсіпкерлерге барлық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Олар жобаларды субсидиялайды және кепілдендіреді.  

«Бизнестің жол картасына» қатысқан кәсіпкерлер осы күнге дейін 13,4 трлн теңгенің өнімін шығарған. Олардың кейбірі өзге елдерге жеткізіліп те жатыр. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі енді бизнес-инкубаторлардың жұмысын жандандыруды көздеп отыр.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

– 2019 жылы біз 3 бірдей бизнес-инкубаторға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Қазір жас кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыратын екі қор бар. Одан бөлек, сингапурлік компаниялар да 20 млн доллар бөлуге ниетті. Олармен арнайы келісімшартқа отырамыз.

Шағын және орта бизнестің өрістеуіне септігін тигізген «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылмақ. «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік бағдарламаны жетілдіруге белсенді түрде атсалысуда. Болашақта оның аясы кеңейіп, тіпті микроқаржылық ұйымдар да елдегі бизнесті дамытуға несие беруге мүмкіндік алады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы