383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық бал Ұлыбритания сөрелерінен табылуы мүмкін

  • 366
  • UPD: 13:58, 24.05.2019

Отандық өндірушілердің өнімі Лондонда өткен халықаралық бал көрмесіне қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аралар өзге де тозаңдатушылар секілді соңғы уақытта қауіп-қатерге көптеп кезігіп жүр. Ал егін бітік болып, жеміс-жидектің шығымы артуы үшін әлгі жәндіктердің қосар үлесі зор. Лондонда тозаңдатушылардың пайдасы және оларға төнген қауіп туралы халыққа жеткізу мақсатында Бүкіләлемдік ара күні және бал көрмесі өткізіліп отырылады. Жыл сайынғы шараның ұйымдастырушысы – Словенияның Ұлыбританиядағы елшілігі.

Тадель Рупель, Ұлыбританияның Словениядағы елшілік өкілі:

– Бүгін көрмеге әлемнің 30 елінен өкіл қатысып отыр. Олар – Латын Америкасы, Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Жерорта теңізінен де бар. Қазақстанның да көрмеге қатысып, елшілеріңіздің қолдау білдіргеніне өте қуаныштымын. 

Қазақстандық бал өндірушілер одағының ұсынысы бойынша, отандық компаниялардың бірі әртүрлі сорттардан тұратын 20 килограммға жуық өнімін көрмеге жіберген. Қатысудағы мақсат – британиялық тұтынушыларға қазақстандық омарташылардың дәмді өнім шығара алатындығын дәлелдеу.

Әнуар Әділбеков, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі экономикалық блогының хатшысы:

– Біздің өнім бәсекеге қабілетті. Оны мына көрмеден байқауға болады. Өйткені келушілердің қызығушылығы зор. Әсіресе, шырғанақ қосылған бал өнімдеріне сұраныс ерекше. Мұндай дәм Лондонда трендке айналса керек.

Питер Имриш, көрмеге қатысушы:

– Мен ерекше бір дәм татып көрдім. Оның өзгешелігі басқа өніммен араласқандығында деп ойлаймын. Сіздерге сұранысқа ие болатын балдан жасалған шарап шығаруды да ұсынамын.

Көрмеден кейін қазақстандық бал денсаулыққа пайдалы дүкендер желісі бар жергілікті компанияларға жіберілетін болады. Дәмі сыналып, қажетті сараптама жүргізіледі. Британиялықтар қызығушылық танытқан жағдайда тиісті сертификаттар алынып, біздің балымыз Біріккен Корольдікке импортталмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы