383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісте ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау мәселесі қаралды

  • 154
  • UPD: 23:41, 24.05.2019

Қазақстан ет нарығында импортқа есе жіберіп отыр. Мәжілісте ет пен сүт өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және экспорт мәселелері көтерілді.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин фермерлерді қайта өңдеуші кәсіпорындармен байланыстыратын сатып алу ұйымдарының желісін құруды қолдау қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ аграрлық сектор бәсекеге қабілетті болуы үшін инновациялық технологияларды тұрақты енгізіп отыру қажеттігі айтылды

Әлеуетіміз бар да, өсім жоқ. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының қазіргі күйі осындай. Экспорттың үлесін арттырамыз десек, импортты азайтуымыз маңызды. Мәселен, сырттан келетін құс етінің көлемі қазір 50 проценттен асып түскен. Ал жылқы етінің импорты соңғы үш жылда екі жарым есе көбейді.

Берік Оспанов, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы:

- Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикалық деректері мен Ұлттық экономика министрі статистика комитетінің ресми деректері арасындағы айырмашылық көп сұрақ туындатады. Уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша Қазақстанның ет экспорты көлемі 2018 жылы 34,4 мың тын тоннаны құрады. Соның ішінде сиыр еті 18,8 мың тонна. Ал статистика комитеінің деректері бойынша еттің барлық түрлерінің экспорт көлемі 2018 жылы 19,7 мың тоннаны құрады, яғни екі еседен аз. Ал сиыр етінің экспорты 5 еседен аз болып 3,7 мың тоннаны ғана құрап отыр.  

Өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілсе, аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай артады. Өкінішке қарай, өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жүктемесі төмен деңгейде сақталып отыр. Елімізде еттің 33 проценті, ал сүттің 31 проценті ғана қайта өңделеді. 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселесі қиын. Екінші деңгейлі банктердің барлығы қазір ауыл шаруашылығын қаржыландыруға құлықсыз. Сондықтан біздің тауар өндірушілер өздерінің өнімдерін шетелге қымбаттап сатып, сол үшін ақша алып мына жердегі өнімін әрі қарай ұлғайтатын болса, оны біз қолдаймыз.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі құрылымында ата кәсіптің үлесі 46 проценттен асады. Осыған сәйкес, еліміздің сыртқы нарықта ірі ет экспорттаушы болуға барлық мүмкіндіктері бар, деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

-Сапалы азық-тұлік бойынша біздің еліміздің өзінде қамтамасыз ететін экспортқа да шығатын мүмкіндігі өте зор. Соның ішінде әсіресе ет, сүт өнімдері басым бағыттарымыздың бірі. Осыған орай Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес таза табиғи өнімдердің арттырудың барлық жолдары көрсетілді. Ендігі мақсатымыз оларды тиімді, нәтижелі жүзеге асыру.

Мал шаруашылығы өнімін өндіру шағын қожалықтардың есебінен ұлғайып жатыр. Демек, жеке қосалқы шаруашылықтардың рөлі әлі де елеулі.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, өңдеу орындары шаруа қожалықтарынан өнімді алғанда ҚҚС-ті екі рет төлейді. Біріншісі өзінің құн салығын төлейді, одан кейін шаруа қожалығының құн салығын төлейді. 12 пайыз 24 пайыз боп шығып тұр.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар өндірушілерді қолдау үшін депутаттарға субсидиялау механизмін қайта қарастыруға тура келеді. Бұдан былай, шаруаларға арналған қаржылай көмек жыл сайын емес, тоқсан сайын қаралып отырмақ.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы