383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның іскерлік туризм әлеуеті Германияда таныстырылды

  • 177
  • UPD: 08:30, 27.05.2019

Еліміздің іскерлік туризм әлеуеті еуропалық туроператорлар мен кәсіпкерлерге таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдіктерге Қазақстанның халықаралық деңгейде саммиттер мен конференциялар өткізу мүмкіншілігі зор екені айтылды. Ал кешкі аста меймандар ұлттық тағамнан дәм татты.

Ұлы дала елінің туристік әлеуетін әлемге паш етіп жүрген «Қазақ туризм» бұл жолы Франкфурт қаласына табан тіреді. Ұлттық компания Германия шаһарында өткен Халықаралық іскерлік туризм көрмесінің аясында Қазақстанды әлемдік деңгейде саммиттер мен алқалы жиындарды өткізе алатын бизнес-орталық ретінде таныстырды.

Асан Жакишев, «Kazakh tourism» ҰК» АҚ департаментінің менеджері:

– Біз осы күндері Бас консулдықта 80-нен астам адамның басын қостық. Олар – еуропалық туроператорлар мен кәсіпкерлер. Біз қонақтарға еліміздің туристік әлеуетін таныстырып, Қазақстанда алуан түрлі іс-шара өткізу үшін барынша жағдайлар жасалғанын айттық.

Сонымен бірге еуропалық қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдар да таныстырылды. Еліміздің белгілі аспазы Артем Канцев 20-дан астам қазақ тамағын ұсынды. Олардың ішінде шұбаттан жасалған балмұздақ, бекіре етінен дайындалған қазы секілді ас түрлері бар.

Сюзанне Мюллер, публицист:

– Мен өзім үшін гастрономияның басқа қырын аштым. Жылқының еті мен қымыз маған қатты ұнады. Кезінде Қазақстанға екі рет барғанмын. Тіпті Ұлы дала елі туралы кітап жазып шықтым.

Сондай-ақ биыл қазақтың ұлттық тағамдарын Бейжің, Санкт-Петербург, Варшава мен Барселонада таныстыру жоспарда бар.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы