389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО азаматтарының құжат алмасу ісі жеңілдеді

  • 359
  • UPD: 15:38, 28.05.2019

Еуразиялық экономикалық одақ елдері зейнетақы тағайындау туралы деректермен енді онлайн режимде алмаса алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұдан былай барлық төлемдер мен ақпаратты жинау электрондық форматта өтеді. Бұл бастама жаһандық цифрландыру бойынша алға жасаған үлкен қадам болмақ. Осылайша шет елде тұратын қазақстандықтар да бюрократиялық рәсімдерден босатылады.

Жаңа сандық технологиялар жасы егде жандардың өмірін жеңілдете бастады. Әсіресе ұзақ жылдар бойы шет елде қызмет етіп, зейнетке шыққалы жатқан қариялар үшін. Себебі олар бұдан былай сағаттар бойы кезекте тұрудан арылады. Енді Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде жұмыс істеген әрбір адамның еңбек тарихы компьютерде, яғни сандық форматта сақталатын болды.

Вадим Боровик, саясаттанушы:

- ХХІ ғасыр – технология заманы. Сондықтан біз заман талабымен қатар жүруіміз қажет. Оның үстіне жоғары технологияны пайдалану, өндірістік құралдарды автоматтандыру, бизнес жүргізудің тың әдіс-тәсілдерін қолдану, мемлекеттік билік органдарының өзара байланысын орнату елдеріміздің экономикалық дамуының драйверіне айналуы да әбден мүмкін.

Бұған дейін өзге елде жинаған еңбек өтілін есептету уақытты және қаражатты талап ететін. Зейнеткерлік демалысқа шыққалы жатқан азамат құжат жинап, тіпті еңбек өтілін жинаған елге амалсыз сапарлауына тура келетін. Енді қажетті ақпараттың бәрі арнайы дерекқорда сақталады. Бұған қоса Еуразиялық экономикалық комиссиясы резиденттердің шетелде жұмысқа орналасуына да көмектеспек. Ол үшін арнайы жоба әзірленіп жатыр. Ол Қазақстанның электронды Еуразиялық еңбек биржасын құру бастамасы негізінде жасалуда.

Ирина Новикова, экономика ғылымдарының докторы:

- Әрине, шығын болатыны сөзсіз. Бірақ онымен бірге көптеген жұмыс күші шегерілетінін де айта кеткен жөн. Мәселен, бұған дейін зейнетақы тағайындаумен түгелдей бір бөлім айналысып келсе, қазір оны бір адамның өзі-ақ шеше алады. Сонымен қатар бұрын азаматтың қолында анықтама болмаған жағдайда поштамен хат жіберу немесе өзінің сапарға шығуы қажет болатын. Енді ол қажет емес.

Көп ұзамай-ақ аталған сандық жоба Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі келешегінде ойып тұрып орын алуы мүмкін. Себебі мамандар зейнеткерлер жобасынан соң жас мамандар ісімен де айналысуды көздеп отыр. Нақтырақ айтқанда, одақ аумағында берілген білім жөніндегі құжаттардың түпнұсқалылығын қашықтан онлайн режимде тексеру мен сканерлеуге мүмкіндік беретін ресурсты қолға алмақ ниетте. Осылайша аталған бағдарлама жұмыс берушілерді басқа елден келген біліксіз маманды жұмысқа алу қаупінен арылтуға септігін тигізбек.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Владимир Струк, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы