379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына – 5 жыл

  • 169
  • UPD: 21:15, 28.05.2019

Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына – бес жыл.

Осыған орай мамандар іргелі ұйымның алғашқы 5 жылдық жұмысын қорытындылады. Осынау қысқа мерзім ішінде интеграциялық бірлестік бес елдің байланысын нығайтуда табысты жұмыс істеп, елеулі жетістіктерге жетіп үлгерген. Оған одаққа мүше елдер экономикасының оң қарқынмен дамып жатқаны дәлел.

Еуразиялық интеграцияның басты бағыттарының бірі – өнеркәсіптік кооперацияны жаңа деңгейге көтеру. Осы мақсатта Еуразия желісі жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – кәсіпорындардың өз қызметтері мен тауарларын сатуға және ЕЭО кеңістігінде жаңа тұтынушыларды табуға мүмкіндік беретін сандық платформа.

Дмитрий Журавлев, аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

– Өзара ынтымақтастық біздің өнеркәсіптік әлеуетімізді одан әрі күшейтуге және оны сақтап қалуға көмектеседі. Бүгінде жоғары бәсекелестік дәл осы өндіріс саласында байқалады. Ресейде, Қазақстанда, Беларусьта, Армения мен Қырғызстанда өздерінің өнеркәсіптік өндірісін дамытуға барынша күш салуда. Себебі онсыз дербес экономика, дербес саясат болмайтыны анық.

ЕЭО-да тауарлар, қызметтер мен капиталдардың толыққанды ортақ нарығы қалыптасты. Сыртқы және өзара сауда артып, ЕЭО-дан үшінші елдерге шығарылатын экспорт көлемі ұлғайды. Бұған қоса, шикізат өнімдерінің үлесі азайып, жоғары қосылған құн тауарларының үлесі артуда.

Никита Мендкович, халықаралық қатынастар жөніндегі Ресей кеңесінің маманы:

– ЕЭО Еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға ниетті елдер тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр. Қазірдің өзінде Вьетнам және Иран елдерімен жасалған келісім күшіне енген. Ал Қытай және Кубамен шекті келісім орнаған. Бұған қоса, тағы 10 ел келісім жасасуға өтінім білдіріп отыр. Оның ішінде Египет мен Үндістан елдері де бар. Жалпы кез келген бизнес үлкен нарыққа шығуға тырысады. Ал біздің нарық соңғы есепке сәйкес, 184 млн адамды құрайды.

Алайда интеграцияның оң нәтижесін одаққа мүше 5 елдің азаматтары ғана толыққанды сезіне алды. Яғни көші-қон жеңілдетілуі, ортақ медициналық сақтандыру мен салықтық жеңілдіктер. 2015 жылдан бастап одаққа мүше елдердің дипломдары өзара мойындалып келеді. Енді жыл соңына дейін зейнетақы келісіміне қол қойылады деп күтілуде. Оған сәйкес, азаматтар қайда өмір сүріп, жұмыс істейтініне қарамастан, зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болады. 

Асқар Кішкембаев, ЕАЭК экономика және қаржы саясаты министрі хатшылығының жетекшісі:

– Одақ аумағында еңбек ететіндердің экономикалық құқықтары тең дәрежеде болуын қамтамасыз ету интеграцияның сәтті жүзеге асқанын көрсететін ең салмақты айғақ шығар. Қандайда бір интеграциялық бірлестік құрылымында бола тұрып, сын-тегеурінге төтеп беру оңай. Ал осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салып кеткен интеграцияның дұрыс векторы жүзеге бүгін асып отыр.

Бес жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық аренадағы беделі артты. Бүгінде бұл өзіндік заңы қалыптасқан, әлемге ашық көп миллиондық нарыққа айналды. Одақтың болашағы зор екеніне сарапшылар сеніммен қарайды. 

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы