379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО: Қазақстан мен Армения арасында алыс-беріс артты

  • 211
  • UPD: 11:09, 29.05.2019

2018 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 13 миллион долларға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 50 процентке жоғары көрсеткіш. Әсіресе логистика тұрғысынан есептегенде. Себебі Армения мемлекетінің Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бірде-бірімен шекарасы шектеспейді. Үлкен интеграциялық жобадан Армения қандай пайдаға кенелді?

Ең сапалысы әрі құндысы экспортқа. Яғни Қазақстанға. Мына өндірістік компания соңғы 10 жыл ішінде алтын өнімдерінің 500-ден астам түрін елімізге тасымалдаған. Жинақтама қазақстандық тұтынушылардың сұранысына сай жасалады. Шеберлер отандық сәнқойлардың көңілінен шығу үшін зергерлік саладағы трендтерден қалмай отырады.

Анна Геворгян, зергерлік компания басшысының орынбасары:

– Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қатарына қосылғалы тауарымызға деген сұраныс үш есеге артты. Тиісінше, қызметкерлеріміздің санын көбейттік. Өндіріс орнын үлкейттік. Қазір тауарымызды шет елге шығару да оңай. Рәсімдейтін құжаттар саны қысқартылды.

Осылайша, тауарларын емін-еркін экспорттап жүрген кәсіпкерлер дән риза. Одан бөлек, одаққа қосылғанда әр мемлекеттің жалпы ішкі өніміне қосылатын 3 проценті тағы бар.

Арам Сафарян, «Интеграция және даму» ҚҚ төрағасы, еуразиялық сарапшылар клубының координаторы:

– 5 жыл ішінде экспорт көлемі екі есеге артты. Қазақстан, Ресей және оның серіктестері біздің тауарды қабылдайтын тұрақты елдерге айналды. Туризм саласында да қарқынды даму бар.

Еуразиялық формат экономикалық одаққа мүше елдер арасында тауар айналымының артуына, екі жақты серіктестіктің нығаюына жол ашты. Оған дәлел – Қазақстан мен Армения арасындағы көрсеткіштер.

Тимур Оразаев, ҚР Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі:

– 2017 жылы өзара алыс-беріс 2,5 млн долларға артты. Бұл – шамамен 28 процентке жоғары көрсеткіш. Ал 2018 жылы өсім 50-52 процентті құрады. Жалпы жыл санап түрлі санат және сала бойынша тауар айналым көрсеткіші артуда. 

Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ мүше елдерге жаңа мүмкіндіктер ашты. Болашақта оны әр мемлекет ұлттық экономикасын дамыту үшін ғана емес, одақтың ортақ кірісін арттыру үшін де тиімді пайдалануы керек. Еуразиялық сарапшылар клубы осындай пікірде.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы