383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО-дағы тауар айналымының едәуір үлесі Алматыға тиесілі

  • 119
  • UPD: 10:52, 29.05.2019

Қазақстанның іскерлік жүрегі. Экономистер Алматыны осылай атайды. Еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымның 27 пайызы Алматы қаласының үлесінде.

Екі жарым жылда мегаполистегі сауда-саттық 30 пайызға артқан.

Алматының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауарайналымы биылғы жылдың сәуір айында бес миллиард екі жүз миллион долларға жеткен. Оның көп бөлігі, атап айтқанда төрт жарым миллиарды - сырттан келетін дайын өнімдер. Ал экспорттың үлесі жеті жүз миллион долларды құраған.

Дәулет Асылбеков, «Атамекен» ҰКП сараптама және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы:

- Экспорт пен импорттың негізгі бөлігі Ресей мен Беларусқа тиесілі. Алматының географиялық орналасуын ескере отырып, біз Қырғызстанмен тауарайналым 11-15 пайызға артуы керек деп есептейміз.

Экономикалық интеграциялық одақ әсіресе шикізат секторын дамытуға серпін берді дейді мамандар. Алып нарықтың игілігін көру үшін бірқатар құралдарды іске қосу керек.

Дәулет Асылбеков, Алматы «Атамекен» ҰКП сараптама және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы:

- Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы қазіргі уақытта жарнама шығындарын өтеп, тауарларды өткізу, рұқсатнама алу жұмыстарын жүргізуде. Соның арқасында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауарайналым артады деп үміттеніп отырмыз. Нәтижесінде мұның пайдасын еліміз көретін болады.

Қаржы орталығы ретінде Алматының өз ерекшелігі бар. Экономикалық белсенділік қалада іскерлік туризмнің дамуына ықпал етіп отыр дейді сарапшылар.

Вячеслав Додонов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Бас ғылыми қызметкері:

- Алматы туристік орталық ретінде визасыз режимдегі елдердің туристері үшін өзінің тартымдылығын сақтап отыр. Бірінші кезекте бұл еуразиялық экономикалық одақ елдері деп айтуға болады.

Мәселен, өткен жылы 300-ге жуық қонақ үй мен хостель 2 миллионға жуық туристке қызмет көрсеткен. Олардың басым бөлігі еуразиялық экономикалық одақ елдерінен. Туризм саласынан былтырғы жылы мегаполистің бюджетіне 25 миллиард теңге кіріс түскен.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы