382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Швейцариялық инвесторлар Қазақстанның дамуына мүдделі

  • 110
  • UPD: 23:26, 07.06.2019

Швейцариялық инвесторлар Қазақстанның экономикалық және саяси тұрғыда дамыған қалайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазір бұл елмен қарым-қатынасымыз қыл өтпестей. Арадағы сауда айналымы шамамен 3 миллиард долларға жеткен. Тараптар осы көрсеткішті әлі де арттырмақ ниетте. 

Тәуелсіз Қазақстанда қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан. Осының арқасында елімізге бүкіл әлемнен 300 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Швейцария еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында. Соңғы 13 жылда бұл мемлекет экономикамызға шамамен 23 миллиард доллар инвестиция құйған. Елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастық, сондай-ақ білім беру және туризм салаларында әріптестік белсенді дамып келеді.

Жанар Айтжанова, Қазақстанның Швейцариядағы елшісі:

- Біз ең алдымен швейцариялық компанияларды машина жасау, химиялық, фармацевтикалық салаларға бағыттап жүрміз. Бүгінде олар біздің нарықта белсенді жұмыс істеп жүр, бірақ негізінен дистрибьютор ретінде. Қазір өндірісін Қазақстанда  ашып, осы жерден Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу бойынша келіссөздер жүргізіп келеміз. Швейцариялық компаниялар «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында жобаларға қатысуға үлкен қызығушылық білдіріп отыр.

Винсент Субилья, Женева сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры:

- Қазақстан – Орталық Азиядағы Швейцарияның негізгі сауда әріптесі. Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Швейцариялық 40 компания Қазақстанда белсенді жұмыс істейді. Қарқынды дамып жатқан Орталық Азия аймағында біз үшін сіздердің елдеріңіздің маңызы зор.

Жақында елдеріміз арасында жаңа сауда-экономикалық келісімдердің тұстарын реттеу ісі аяқталады. Олардың қабылдануы өзара сауда айналымның едәуір өсуі мен швейцариялық инвестициялар көлемінің артуына әкеледі.

Винсент Субилья, Женева сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры:

- Кез келген елде экономикалық әрекеттің негізін болжау құрайды, сол себептен қазір Қазақстанда өтіп жатқан билік транзиті арамыздағы тығыз қарым-қатынасты бекемдеп қана қоймай, одан әрі нығайта түседі деген үміттеміз. Қазақстан – болашағы зор ел.

Швейцариялық компаниялар қазақстандық әріптестерімен ауылшаруашылық, логистика және жасыл энергетика салаларында серіктестікті еселей түсуге ниетті.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы