382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда өткен инвестициялық форумға әлем елдерінен 300-ге тарта кәсіпкер қатысты

  • 74
  • UPD: 10:51, 11.06.2019

Наманганда өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемнің жалпы 40-қа жуық елінен 300-ге тарта кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдің іскер азаматтарына аймақтың экономикалық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті таныстырылып, бірқатар келісімге қол қойылды. Өзбекстандықтар шетелдің қалталы азаматтарын бар сән-салтанатымен күтіп алды.

Форум да әдеттегідей құр жиналыс емес еркін форматта өтті. Бір үстел басында бірнеше елдің іскер азаматтары жайғасып,өзара пікір алмасты. Бизнесмендерге Наманган облысының экономикалық және әлеуметтік дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы баяндалды.

Қанат Жүнісбеков, тілші:

– Халықаралық инвестициялық форумның Наманганда өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені халқы жағынан Ташкенттен кейінгі екінші орында тұр. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс дамыған. Жер асты қазба байлықтары тағы бар. Сонымен бірге қос бірдей мемлекетпен, яғни Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен шектеседі. Отандық тауар өндірушілерге үшінше елдің нарығына жол ашылады.

Наманган облысында екі бірдей ірі еркін экономикалық аймақ құрылған. Онда шағын өндіріс пен алып кәсіпорындар шоғырланған. Тоқыма кластері өз алдына бөлек әңгіме. Наманган жібегі ұлттық бренд деуге болады.

Енді үшінші экономикалық аймақ құрылмақшы. Онда фармацевтика мен электротехникалық сала шоғырланады. Форумға қатысушыларды әсіресе ауыл шаруашылығы мен жеміс-жидек көбірек қызықтырды.

Шафии Гулемреза, ирандық кәсіпкер:

– Өзбекстанда балық шаруашылығына қаржы салдық. Енді Наманганда жалғасақ деген ойымыз бар. Жылына 40 мың тонна балық өндірсек деп жоспарладық. Қазіргі таңда біздің шаруашылықта фарел, теңге балық тұқы және бекіре өсіріп жатырмыз.

Форумға қатысушылар төрт топқа бөлініп агроөнеркәсіптік кешен, медицина, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер арасында жалпы құны 350 миллион доллардан асатын 30-дан астам келісімдер түзіліп, меморандумға қол қойылды.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан республикасы премьер-министрінің орынбасары:

– Қазақстаннан Өзбекстан нарығында сұранысқа ие тауарларды сатып алуға мүмкіндігіміз бар. Сонымен бірге көрші елдің базарларына бізден қажетті тауарларды экспорттай аламыз. Ең бастысы қазақстандық инвесторлармен бірлесіп екі жақты тауар өндіретін болсақ, өзіндік құнын арзандатып, оны үшінші елдің нарығына шығаруды бірлесіп жүзеге асыра аламыз.

Шараға қатысушылар облыс аумағында өндіріліп жатқан өнеркәсіп өнімдерінің ұлттық көрмесімен тамашалады. Онда былғары аяқ киімдерден бастап тоқыма өнімдері мен тұрмыстық заттар және жеміс-жидектер қойылған. Аймақтың инвестициялық мүмкіндігімен танысқан шетелдік кәсіпкерлер өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға уағдаласып тарқасты.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы