389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алпауыттардың сауда дауы кезінде қос құрлық арасында көпір болу тиімді

  • 384
  • UPD: 14:09, 13.06.2019

Қытай сауда дауында қандай да бір шектеулерге қарамастан мемлекеттің экономикалық тұрғыда дамуына ешкім кедергі келтіре алмайтындығын білдіртті.

Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Федералды резерв жүйесінен көмек сұрап, Ақ үй Бейжіңнің экономикалық шабуылынан қорғану үшін нақты қадамдарға көшетін сыңайлы. Бұл арада сарапшылар тараптардың бір-біріне санкция салуынан қарапайым халық пен кәсіпкерлер зардап шегеді деп дабыл қағып жатыр. Отандық экономис мамандардың пікірі қандай?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ашық аспан бейнеленген көк байрақты Қазақстан және аспанасты елі Қытай. Соңғысының АҚШ-пен сауда соғысы әлде де жалғасып келеді. Мұхит арғы жағындағылар Қытайдан төл валютасының ревальвациясын талап етуде. Мұндай жағдайда қытайлық тауарлар қымбаттауы мүмкін. Ізінше әлем бойынша тұтынушыларының саны азайып, жергілікті зауыттарда өндіріс қуаттылығы бәсеңдейді. Артынша осы жағдай көрші елге шикізат экспорттаушы – Қазақстанды да айналып өтпейді дейді экономист-мамандар.

Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың да пікірі осындай. Оның айтуынша, Ақ Үй басшысы Дональд Трамп келер жылы өтетін президенттік сайлауға қайта түсу мақсатында осыдан 3 жыл бұрынғы уәдесін орындауға асығып жатқан көрінеді.

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Әлемдік экономика үшін келеңсіз жағдай болып тұр. Енді мұның себебі анық. АҚШ президенті Трамп келгеннен бері ол өзінің сайлауалды уәделерін орындауға кірісіп жатыр. Мексикамен шекарасында дуал орнату. Еуропамен сауда-саттықты тиімді өткізу. Канаданың шойын-болаттарын алмаймыз деген болатын. Ресейге санкцияларын, сол енді кезек Қытаймен ұрысқа да келіп жетті.

Екі алпауыт арасындағы теңгерімсіздік көрсеткіші шамамен мынадай. Қытайдың АҚШ-қа экспорты: $540 млрд, ал АҚШ-тың Қытайға экспорты: $120 млрд долларға тең. Алғашқысы компьютер, байланыс құрылғылары мен киім-кешек шығарса, америкалық жақ қытайға ұшақ бөлшектерін, соябұршақ пен көліктерді экспорттайды.

Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Мақсат не? Себебі Қытайдың ең үлкен өнімдерін экспорттаушы бұл Америка. Американың қай қаласында болмасын қытай тауарлары көп. Қытайдың арзан бірақ сапалы тауарлары сол жерде сатылады. Бірақ екі мемлекет өте үлкен болғаннан кейін, Америка 20 трлн доллардың бірінші орында болса, Қытай 12 трлн-мен 2 орында кетіп жатыр. Сондықтан ол екеуіне кедендік төлемдер өте төмен еді. Яғни еркін сауда ұйымы сияқты жұмыс істеген еді.

Алайда АҚШ қытайлық дамушы компаниялардың америка нарығында сапалы брендке айналғанын қаламайды. Осы орайда кейбір құрылғылардың тыңшылық мақсатта шығарылғаны сынды түрлі айыптаулар жай ғана сылтау болуы мүмкін, дейді шығыстанушы Әділ Кәукенов. 

Әділ Кәукенов, шығыстанушы:

- Қазақстан үшін алпауыттар арасындағы сауда соғысы қашан да тиімсіз. Осыған байланысты мемлекетіміз үшін әлемдік нарықтың ашық болғаны маңызды. Бүгінгі таңда елімізге жаңа әрі төл өнертабыс жасап, оны жалпыға бірдей нарықтандыру оңайға соқпасы анық. Сондықтан жаһанда бұрыннан бар нарықтарға еніп, пайда болған мүмкіндіктерді ұтымды қолданып қалып отырудан басқа амал жоқ. Бірыңғай жүйеге кезең-кезеңмен дағдылану керек. Қазіргі Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы көпір іспетті. Әзірше осы қызметімізді орындай берген оңтайлы.

Осылайша Қытай өз аумағында шығарылған америкалық бренд өнімдерді өзіне сатып, арзан баға қоюдың арқасында жергілікті нарығын жаулап алуда. Өйткені, сапасы жағынан түпнұсқадан кем түспейтін аспан асты елінің тауарлары үлкен сұранысқа ие болып, жоғары қарқын алған. Мәселен, арзан көліктер мен «Хуавей» сынды ірі компанияға қатысты дауларды мысалға алсақ та жетіп жатыр, дейді саясаттанушылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы