389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауар экспорттаушылардың шығындары өтеледі

  • 319
  • UPD: 00:03, 14.06.2019

Елімізде тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай жасалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап шетелге дайын өнім шығаратын компаниялар шығындарының бір бөлігін мемлекет өтейді.

Бұл жеңілдіктер бірінші кезекте дайын тауар шығаратын өндірістерге арналған. Қазір тиісті өтініштер қабылданып, көрсетілетін көмек көлемі анықталып жатыр.

Жылына 90 мың тонна ұн өндіретін ақтөбелік компанияның тұтынушылары арасында ішкі нарықпен қатар алыс-жақын шет елдер де бар. Негізінен теміржолды пайдаланатын өндіріс орны тауарын Ауғанстан, Түрікменстан мен Ресейге сатады. Шығыстағы көршіміз Қытай да назарда. Дегенмен сауда сөрелері неғұрлым қашықтаған сайын көлік шығыны да тауар айналымын арттыруға кедергі.

Бекнұр Бейісов, серіктестік директоры:

- Егер көлік шығындары мемлекет тарапынан өтелсе, экспортқа жіберілетін тауар көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік болады. Біздің өндіріс қуаты да жеткілікті. Ұн бағасы арзандап, отандық тауар шекараның ар жағында бәсекеге қабілетті болады.

Ақтөбе облысынан шетелге жөнелтілетін тауардың басым бөлігі шикізат күйінде болғанымен, соңғы уақытта дайын өнімдерге көңіл бөлінуде. Мәселен, ет, қызанақ, ұн мен сүт өнімдеріне шекараның ар жағында сұраныс бар. Сәйкесінше, жаңа бағдарлама арқылы экспорт көлемін жалпы көрсеткіштің 60 процентіне жеткізу жоспарда бар.

Нұржан Мақсатов, облыстық ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылдың жоспары 1,6 млрд АҚШ доллары болып табылады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 200 млн АҚШ долларына артық. Өсім 14,2 пайызды құрайтын болады.

Әзірге жергілікті кәсіпкерлердің назары тек көрші елдер нарығында. Сәйкесінше мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігін де иеленуді көздейді. Бірақ қаржы шығынының бір бөлігін бюджет өтеуі үшін тиісті индустриалдық сертификаты болуы керек.

Анар Даржанова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы АОФ директоры:

- Соның ішінде транспорттық шығындар, жарнама шығындары, сауда орны және сақтау алаңдарын арендаға алу. Міне, осы көрсетілген шығындар бойынша 50 пайызға дейін жеңілдік алуға болады.

Тиісті құжаттарды қабылдау науқаны басталған. Айта кету керек, өңірде 50-ден астам өндіріс орны шет мемлекет нарығына тауар жөнелтеді. Қазірдің өзінде олар сыртқы нарықта жылына шамамен 3 миллиард АҚШ долларына сауда жасайды. Жаңа бағдарлама бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беруі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы