386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британиялық инвесторлар: Қазақстанның жаңа президенті – тұрақтылықтың кепілі

  • 307
  • UPD: 15:23, 15.06.2019

Қазақстанда өткен президенттік сайлау қорытындысы Лондонда талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Еліміздегі саяси трансформациядан бөлек Тұманды Альбион жұртшылығын Қазақстан және Ұлыбритания елдері арасындағы әріптестікті нығайту мүмкіндіктері де қызықтырады.

Жаңа демделген ағылшын шайы, таңғы газет-журнал. Таңертеңгілік асты іше отырып, соңғы жаңалықтармен танысу дәстүрі – британиялықтарда бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Таңғы 8-де ұйымдастырылған бүгінгі жиын да бұл әдет-ғұрыпты сырт айналып өте алмады. Британ-қазақ қоғамының мүшелері дастархан басында елімізде өткен президенттік сайлауды жан-жақты талқылады. Басты қонақ – Қазақстан мен Ұлыбританияның елшілері Ерлан Ыдырысов және Майкл Гиффорд.

Майкл Гиффорд, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:

- Саясатты қалыптастыруда жаңа президент сабақтастық принциптерін ұстанатын болады. Бұған сыртқы және экономикалық саясат кіреді. Қос ел арасындағы сауда-инвестициялық қарым-қатынас мәселелері де сол күйінде қалады. Меніңше, бұл өте маңызды.

Сондай-ақ британиялық саяси және бизнес элитаны мемлекет басшысы Қосым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды дамыту жолында басымдық берген басты бағыттары қатты қызықтырды. Ұлықтау рәсімінде Қазақстан оған жеке-жеке  тоқталды. Қонақтар халықтың табысы мен әл-ауқатын арттырудан бастап сот және құқықтық реформа тақырыбына дейін мұқият ден қойды.

Гарри Кеннет Вульф, АХҚО сотының төрағасы:

- Меніңше, бұл өзгерістер Қазақстанның болашағына өте жақсы ықпал етеді. Егер жаңашылдық жүйелі жүзеге асса, елдеріңіз Еуразиялық кеңістікте көшбасшы болары анық.

Біріккен Корольдіктегі инвесторлар жаңа президентті тұрақтылықтың кепілі деп атады. Олар сауда-экономикалық және қаржы-іскерлік байланыстарды нығайтуда белсенділік танытуды жалғастыра беруге мүдделі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы