384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО-Иран сауда келісімі елімізбен сауда-саттыққа оң серпін береді

  • 142
  • UPD: 08:52, 19.06.2019

Қазақстан парламенті Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан мен Иран нарығын кеңейтіп, нығайта түседі. Келісім бойынша Тегеран ауыл шаруашылық өнімдер, кондитерлік бұйымдар, металдар және механикалық құрал-жабдық секілді бірқатар тауарларларымызға тарифтік жеңілдіктер бере алады. Жауап  ретінде Ираннан әкелінетін азық-түлік, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары мен өзге де тауарларға баж салығы азайтылмақ.

Келісімді ратификациялауға байланысты Иранның белді басылымдарының бірі еліміз үшін қиын-қыстау кезеңде Қазақстан бізге барынша қолдау білдіріп тұр деп жазған. Құжат бойынша қос тараптың баж салықтарын азайту қарастырылып отыр. 60 күннен кейін күшіне енетін бұл келісімнің мерзімі үш жыл. Иран қазақстандық тауарлардың 864 түріне баж салығын азайтады. Бұл тізімге сиыр мен қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон, кондитерлік бұйымдар, рельс, аккумулятор мен арматура кірген. Бұл тауарлар жалпы қазақстандық экспорттың басым  бөлігін құрайды. Өз кезегінде Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер тауарлардың 502 түріне баж салығын азайтады. Бұл - тізімге  пісте, құрма,  інжір, жүзім, асшаян, сондай-ақ ыдыс-аяқ, тұрмыстық химия мен кілем кіреді.

Мохаммад Ватанпур, экономист:

- Ең маңыздысы, бұл келісім тек бір тарапқа ғана емес, бәріне: Иранға да, Қазақстанға да тиімді. Экономикалық  тұрғыда пайдасы мол. Нарық дамып, қарым-қатынасымыз нығая түседі. Кейбір елдер негізсіз Иранға қысым жасап, экономикамызға зиян келтіріп жүр.

Алғаш рет бұл келісімді былтыр елордамызда өткен  Астана экономикалық форумында тілге тиек еткен болатын. Сол кезде Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде уақытша келісімге қол қойылған еді. Саясаткерлердің мәлімдеуінше, бұл келісім экономика жағынан ғана емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды қадам бола білді.

Мариам Шокрани, саяси талдаушы:

-  Біз тек экономика мен қаржы мәселесіне қатысты  шектеліп қалмауымыз қажет. Осы ынтымақтастығымыз Қазақстан мен Иран тауарларының танымалдағыын арттыруға өз септігін тигізері анық. Елдеріңізде Иранды кеңінен біле бастаса, бізде тиісінше Қазақстан әлеуеті жан-жақты паш етілмек.

Өткен жылы екі  арасындағы сауда айналымы 516 миллион доллардан асқан. Оның 82,5 процентін Қазақстанның Иранға экспорты құраған. Келісім күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіштер еселене түспек. Ал алдағы бір жылдың ішінде тараптар еркін сауда аймағын құру туралы тұрақты келісім жасау бойынша  келіссөздер бастайды.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы