383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында туризм кластерін дамытуға не кедергі

  • 139
  • UPD: 08:35, 20.06.2019

Қазақстанда туризмді дамытудың әлеуеті зор.

Тарихымыз бай, тамылжыған табиғатымыз көз тартады. Бірақ соған қарамастан елімізге әр жыл сайын келетін туристердің саны 2 миллионға жетер-жетпес. Бұл салыстырмалы түрде өте аз, - дейді мамандар. Сонда жиһанкездерді жинауға не кедергі?

Балқаш көлінің жағасында орналасқан Тораңғылық ауылының тұрғындары ауызсудан таршылық көріп отыр. Мұндағы жұрттың тең жартысы туристерді қабылдап, табыс табады. Нұрбек Байбосынов та бес жыл бұрын кәсіп ашып, демалыс үйін салған. Алайда судың жоқтығы бизнесіне тұсау болып тұр. Қазір ол Балқаш қаласынан жеткізілетін тіршілік нәрінің әр литрін 3 теңгеден сатып алады.

Нұрбек Байбосынов, кәсіпкер:

– Мен осы жерге 1998 жылы келдім. Содан көріп келе жатқан дүние осы. Су әлі жоқ. Қанша ақша жерге кетіп жатыр, білмеймін. Водовозбен халыққа тасып әкеледі. Кеше келеді деген, су әлі жоқ. Бүгін де келген жоқ. Ал егер демалушылар келсе, су жоқ. Су болса, толығымен 3 ай істеуге болады.

Халықтың тілеуі Үкіметке жетті. Жуырда бұл мәселе «Отандық туризмді дамыту» бағдарламасына енді.

Марат Баграмов, «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының бас менеджері:

– Бұл проблема жоспарда бар. Егер Үкімет сол соманы қолдаса, су келеді.

Туризм кластерін дамытуға кедергі болып отырған тағы бір мәселе – қатынастың қиындығы. Қонақүйлердегі қызмет көрсету сапасы бағасына сай емес, - дейді осы саланы зерттеп жүрген туроператорлар. Сонымен қатар еліміздің бай тарихын жиһанкездерге жеткізе алатын кәсіби мамандар жетіспейді.

Жанар Разанқызы, туроператор:

– Жергілікті тарихты, аңыздарды жақсы білетін гид болу керек. Ондай мамандар бізде әлі жоқ. Бізде табиғат көркем, бірақ соны біз әлі дұрыс қолдана алмай жатырмыз. Үкімет күш салу керек. Бізде жақсы-жақсы зоналар бар. Алакөлді, Балқашты айтайық. Бірақ та жекенің күші жетпейді. Ең үлкен проблема - жол нашар.

Жалпы әлем бойынша мұнайдан кейінгі ең үлкен табыс көзі – туризм. Жұмыр жерде оның жемісін жем отырған мемлекеттер аз емес. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Дегенмен Үкімет қазір отандық туризмді дамытуға күш салып жатыр. 7 жылдық бағдарлама қабылданып, қыруар қаржы бөлінді.

Байзақ Әлмағанбетов, Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Балқаштың жағалауында 2025 жылға дейін туризмді дамыту 4 есеге артады. Қазір бізге жыл сайын 30-35 мың турист келетін болса, осы мемлекет қолданған шаралардың арқасында келешекте бізге 80-90 мыңға дейін туристер келетін болады.

Жаңа бағдарламаға еліміздегі ең ірі 10 демалыс аймағы еніп отыр. Тек қана Балқаш көлінің маңында 2025 жылға дейін 100-ге жуық қонақ үй тұрғызылмақ. Ал оның шетелдік туристерді тартуға қаншалықты ықпал ететіні уақыт еншісінде.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы