389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыға келетін шетелдік туристердің саны 45% артқан

  • 268
  • UPD: 08:36, 20.06.2019

Алматыға келетін шетелдік туристердің саны 45 пайызға артып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай көрсеткіш тіпті Азиада мен Универсиада кезінде тіркелмеген, дейді статистика саласының мамандары. Осы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ Алматыға аяқ басқан шетелдік меймандардың саны 91 мыңнан асқан.

Сыртқы және ішкі туризм кез келген қала мен мемлекет үшін келешегі зор табыс көздерінің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанға келген туристердің бестен бірі Алматының еншісінде. 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биыл төрт айда шетелдік туристердің саны 45,9 пайызға артқан. Бұл қаланың туристік инфрақұрылымына, әртүрлі халықаралық іс-шараларға және табиғатына байланысты, дейді қалалық Туризм басқармасының мамандары.

Қалибек Ақылбеков, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Алматы қаласының туризм басқармасы онлайн және оффлайн желілерінде Алматы қаласын жарналамайды. Жылдың басынан Алматы қаласы 5 шетелдік конференцияларға қатысты. Ол Лондон, Мәскеу және Берлин, Мумбай қалаларында өткен. Соңғысы Гонконг қаласында болған. Осы конференцияларда біздің тур операторлар шетелдік тур операторлармен келісімшарттар қабылдайды.

Алматыға келетіндердің дені – көршілес Ресей мен Қытай. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін меймандардың да басым көпшілігі Алматыға соқпай кетпейді екен. Ал қазір Медеу мен Шымбұлақ шатқалын көру үшін алыс құрлықтан да саяхатшылар келе бастады.

Филип Томпсон, саяхатшы /Австралия/

– Мен Қазақстанға қатарынан бесінші жыл келіп отырмын. Маңғыстау, Түркістан, Шымкент секілді көптеген қалада болдым. Табиғаттарыңыз тамаша! Әсіресе Медеу мен Шымбұлақтың кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек ақпарат алу орталығы аздау демесеңіз, елдеріңізде туризм саласы жақсы дамып келеді.

Ахмад Әль-Каттаби, саяхатшы /БАӘ/

– Алматының әсем табиғатын әлеуметтік желіден көргенмін. Өз көзіммен көру үшін жанұямды алып келдім. Рекордтар фабрикасына баланған Медеу мұз айдынында болдым. Енді Шымбұлаққа шығып барам. Бұл жердің табиғаты расымен де таңдай қағарлық екен. Енді қыста келсем деп ойлап отырмын. 

Туризм саласын дамытуға сандық технологиялардың ықпалы зор. Сондықтан шетелдік меймандар көп баратын қаладағы маңызды 33 ғимаратқа жуықта QR-код орнатылған. Яғни туристер гидтің көмегінсіз-ақ нысан туралы ақпаратты 4 тілде дыбыстық жазумен тыңдай алады. Мұндай қондырғылар жыл соңына дейін 100 ге жуық нысанға орнату жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Айтбйұлы, Сержан Жұмабаев, Қанат Қаматев

Хабар 24 телеарнасы