383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий теңізінде фидерлік жүк тасымалы басталғалы 700-ден астам контейнер шетелге жеткізілген

  • 157
  • UPD: 21:28, 24.06.2019

Каспий теңізінде тұрақты фидерлік жүк тасымалы басталғалы бері екі айдан асты.

Осы кезеңде қазақстандық кеме он рет сапарға шығып, 700-ден астам контейнерді шетелге жеткізді. 300-ге тарта контейнер сәуірде, қалған 500-і мамыр-маусым айларында тасымалданған.

2019 жылдың 16 сәуірінде «Түркістан» фидерлік су көлігі Каспий арқылы шетелге шықты. Қытай тауарлары тиелген контейнерлер Қорғастан Ақтау портына жеткізілген. Олар Бакуге, одан әрі Түркия арқылы Еуропаға жөнелтіледі. Осыдан бастап қазақстандық контейнерлік кеме қатынасы тарихында жаңа кезең басталды. 

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Бұрын бұл бағытта контейнерлер мүлдем тасымалданбайтын. Яғни Қытайдан шығатын жүктер тапсырыс беруші тарапқа Үнді мұхиты арқылы 45 тәулікте жететін. Сондықтан осы бағыт бойынша тауар тасымалдауға сұраныстың жоғары болары сөзсіз.

Бүгінде бұл бағыт бойынша Қытайдан Еуропаға жүк тасымалы он алты тәулікте жүзеге асады. Фидерлік кеме Ақтау теңіз айлағынан әр сәрсенбі сайын сапарға шығады. Ал сенбі күні Әзербайжан арқылы түрік порттарына бағыт алады.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Біз еліміздің транзиттік стратегиясын осы кеме қатынасы арқылы жүзеге асырып келеміз. Бұл бағыт «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен айқындалған. Оның игілігін отандық ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер де көріп отыр. Мәселен, астық тиелген контейнерлер түрік елінің Мерсин портына жеткізіледі. Тұрақты кеме қатынасын рефрижераторлық компаниялар да қолдана бастады.

Фидерлік кеме 225 контейнер тасымалдайды. Оның бортына толық құрамды екі пойыз жүгімен сияды. Аталған логистикалық қызмет түрінің әлеуеті жылына 300 мыңдай контейнер тасымалдауға мүмкіндік береді. Оның бағытын әлемге таныту үшін MSC, CMA CGM, COSCO SHIPPING Lines секілді алпауыт компаниялармен әріптестік байланыс орнаған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы