388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет әлеуметтік салаға бейімделеді

  • 475
  • UPD: 18:45, 03.07.2019

Мәжіліс депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент жуырда қаржы ұйымдарының алдында қарызы қордаланған халыққа көмектесуді тапсырған. Қазынадан бөлінетін қосымша қаражат әуелі соған қажет. Сосын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жастарды қолдауға жұмсалады.

Бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі - «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын қорытындылау.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:

- Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын сақтауды ескере отырып, қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмалары жүзеге асыруда қаржылық қамтамасыз ету тікелей инвестициялық қорына бөлінген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатын болады.

Бюджеттің үш бағыт бойынша жұмсалады. Алғашқысы халықтың тұтынушылық кредиті бойынша борыш жүктемесін азайту. Мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшердегі негізгі борышты өтейді. Бұған 89,2 млрд теңге қарастырылды. Екінші бағытта жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасылар мен жастарды қолдау үшін 138,6 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ, үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкімет пен Ұлттық банк жағдайдың алдағы уақытта қайталанбауы үшін реттеушілік сипаттағы шұғыл шараларды қабылдауы керек. Аз қамтылған азаматтардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі әкімші болып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып отыр. Алайда, министрліктің осы тапсырманы орындау үшін қажетті деректері жеткіліксіз.

Спикер Нұрлан Нығматулин орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың аса мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуін қадағалауды тапсырды.

Гүлжан Қарақұсова, ҚР Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы:

Бір нәрсені түсінуіміз керек. Сіз бен біздің салығымызсыз мемлекет те болмайды. Екіншіден, әйелдер баланы өзі үшін өмірге әкеледі. Ер адамдар да мемлекетке қол жаймай, жұмыс істеуі керек. Біздің қолға алып отырғанымыз мұқтаждарға көмек көрсету, жағдайын жасау емес.

Бүгін Мәжіліс IV сессияның 41-ші, яғни соңғы жалпы отырысын осылай қорытындылады. Бұл уақыт аралығында 200-ге жуық сауал қаралған. 110 заң жобасы қаралып, оның 81-і Сенатқа жіберілді. Енді депутаттар күзге дейін халықпен кездесіп, түйткілдерді көкейлеріне түйетін болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы