384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әрбір үшінші қазақстандықтың несие қарызы бар

  • 606
  • UPD: 14:36, 08.07.2019

Қазақстанда әрбір үшінші тұрғынның банкке немесе басқа да қаржы институтына несие қарызы бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ұлттық банктің мәліметінше, 5 млн адам берешек. Қарыздан қалай құтылып, үнемдеуді үйренуге болады?

Әлияның дизайн студиясы кез келген бөлменің ішін безендіріп берді. Айтуынша, тынымсыз еңбек етсе де, кейде кірістен шығысы көбейіп кетеді. Алты жыл бұрын кәсіп бастаған ол шығындарды есептеуді енді үйрене бастапты.

Әлия Әрменова, кәсіпкер:

– Мен әр айдың соңында кірісімді есептейтінмін. Алайда шығындарды санамайтын едім. Қарап отырсам, айдың соңында кәсіпке құятын қосымша қаражат болмай қалатын еді. Кейде дымсыз қалсақ, кейде несие жиналып қалатын.

Мамандардың айтуынша, елімізде әрбір үшінші тұрғын қаржы саясатын дұрыс жүргізе алмайды. Несие алғандардың қаржы институттарына орташа қарызы 800 мың теңгені құрайды. Ұлттық банк мәліметінше, 5 млн адамның тұтынушылық кредиті бар. Қоғамда пайыздық үстеменің жоғары екеніне қарамастан несие алудан қорықпайтындар көбейген.

Раушан Бірмағанбетова, тәуелсіз қаржы кеңесшісі:

– Менің ойымша, негізгі проблема адамдардың қаржылық сауаты төмен. Әрі айлық табыстары да мәз емес. Егер әлемдік стандарт бойынша айтар болсақ, біздегі баспана мен көлік бағасы дамыған елдердегі бағамен бірдей. Ал адамдарың табысы әлдеқайда төмен. Жақсы үй мен автокөлік алғысы келгендер амал жоқ кредит алады.

«Раушан халықтың несие қарызының көбеюі мемлекет үшін тиімсіз», – дейді. Банктерге де қарызы барлар ұнамайды. Оның ойынша тұтынушылық несиенің пайызық үстемесін шағын жәре орта бизнестегі сияқты 7 процентке дейін азайту керек. Ал кейбір қаржы мамандары кірісті сауатты жұмсаса, несие алмауға болады деген ойда.

Юрий Набоков, қаржы сауаттылығы мектебінің негізін қалаушы:

– Әр адам өзінің тапқан табысын кредит төлеуге жұмсағанша, өзіне жұмсауы керек. Ал бізде, керісінше, өзіне емес, басқаларға береді. Сондықтан қаржы сауаттылығын арттыру қажет.

Сарапшының сөзінше, жалақының 30 процентке дейінгі бөлігін адам өзі үшін жинауы керек. Яғни осынша соманы депозитке салып отырған дұрыс. Табысы жоғары жандар, тіпті, құнды қағаз сатып алғаны жөн. Жылжымайтын мүлік сатып алудың да пайдасы бар.

Ботагөз Жұманова, қаржы сарапшысы:

– Мысалы, сіз бір отабасын асырап отырсыз. Жалақының 200 мың теңге. Негізгі мақсатыңыз – отбасы мүшелерінің білім алуына және сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Ал сіз қымбат тон мен телефон алғыңыз келеді. Сондықтан түрлі тауарын жарнамалайтын компанияларға жем болғанша, үнемдеуді үйрену қажет.

«Кірісті үйлестіру өз алдына, табысты еселендіруді ойлаған дұрыс», – дейді мамандар. Жалақысы жоғары жұмысқа ұмтылу. Немесе жеке кәсіп ашу сияқты жолдарды қараған жөн. Айтпақшы, кәсіп ашқан кезде тағы да қаржылық сауаттылықты естен шығармаңыз.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ербол Дайыров, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы