384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің отырысында 10 құжатқа қол қойылды

  • 200
  • UPD: 23:34, 12.07.2019

Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастығы қашан да жоғарғы деңгейде болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Дегенмен көрші елмен арадағы байланысты нығайта түсу артық етпейді. Бұл туралы бүгін Бішкекте Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин айтты. Үкімет басшысы қырғыз еліне ресми сапармен барып, екіжақты үкіметаралық отырысқа қатысты.

Ұмтылыс пен мүмкіндік. Қазақ елі мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, қос елдің қарым-қатынасын нығайта түсуге мүмкіндік мол. Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбековпен болған кездесуде осы және өзге маңызды мәселелер айтылды. Стратегиялық әріптестер одақтастықты дамытуды екі тараптан да күшейтпек. Келіссөздер барысында көрші елдер арасындағы тауар айналымының көлемін ұлғайту жайы талқыланды. 2018 жылы бірлескен сауда көлемі 13 процентке өсіп, 843 млн доллар болған. Қырғыз жерінде өткен 8-екіжақты үкіметаралық отырыста экономикалық байланысты нығайту жөніндегі келіссөздер жасалды.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

– Біздің делегация құрамында бизнесмендер бар. Олар Қырғызстан еліндегі әріптестерімен инвестициялық жобаларды бірге балқылауға дайын. Бүгінгі отырыс арадағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше серпіліс береді деп ойлаймын. Өндірістік кооперация бойынша бірнеше жоба қаралды. Су-энергетика саласы бойынша тараптар негізгі бағыттарын айқындады. Жалпы, барлық өзекті мәселелер шешімін тапты.

Екіжақты үкіметаралық кеңестің отырысы нәтижесінде 10 құжатқа қол қойылды. Оның басым бөлігі бизнес-құрылымдар арасындағы ауыл шаруашылығы тауарлары саудасы жөніндегі меморандумдар. Сондай-ақ кәсіпкерлікті бірлесе дамыту жөніндегі келісімдер бар. Мемлекеттік органдар әкімшілік салықтық және автожол инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру бойынша екіжақты әріптестікті дамытатын болды.

Айта кетейік, жақында Алматы облысындағы «Қарқара автожолы» бекетінен жүк көліктерін өткізуге рұқсат беріледі. Ал келесі жылы Жамбыл обылысында «Чон-Капка» жаңа өткізу бекеті ашылады.

Мухаммедкалый Абылгазиев, Қырғызстан Республикасының премьер-министрі:

– Бізде іске асыруды жоспарлап отырған бірлескен жобалар бар. Сондай-ақ шекара мәселесі, оның ішінде автожол құрылысы, көпір салу және бақылау-өткізу бекеттерінің жұмыстарын жетілдіру бойынша мәселелерді қарадық. Барлық проблема бойынша шешу жолдарын таптық деуге болады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қырғызстан Республикасының тауар айналымында Қазақстанның үлесі 11 пайыз болды. Ал экспорт үлесі – 14 процент. Осы жылдың алғашқы айларында екі ел арасындағы алыс-беріс 284 млн долларға жетті. Ал келесі жылы бірлескен сауда айналымы 1 млрд доллар болуы тиіс.

Авторлары: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы