386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің инвестициялық ахуалы қалай?

  • 208
  • UPD: 20:41, 22.07.2019

Биыл Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 11,5% төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік қаржыландырудың азайғанын Президент алаңдатарлық жағдай деп бағалады.

Кез келген инвестор үшін ең маңыздысы – қомақты қаржысының сенімді жерде болуы. Елімізде мемлекет тарапынан шетелдік компаниялармен «Kazakh Invest» мекемесі ғана келіссөз жүргізеді. Олар инвесторларға қажетті ақпарат беріп, өңірлік және орталық деңгейде қолдау көрсетеді. Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда экономикалық және саяси тұрғыдан Қазақстанның инвестициялық климаты қалыпты деңгейде. Дегенмен әрбір инвесторға тәуекелге баруға тура келеді.

Алида Түйебекова, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ сервистік қолдау және постинвестициялық мониторинг департаментінің жобалық менеджері:

– Бізде валюта бағамы тұрақсыз. Сондықтан қазақстандық жобаларды қаржыландырған шетелдік компаниялар валюта бағамының күрт өзгеруінен шығынға ұшырауы мүмкін. Екіншіден операциялық шығындар. Қазақстан өзге мемлекеттерден алыс орналасқандықтан, көлік шығындары жоғары. Сонымен қатар климаттық жағдайларға байланысты еңбек ресурстары өзге Азия мемлекеттеріне қарағанда қымбат. Мамандарды табу үшін инвесторларға жақсы бизнес жоспар керек болады.

Дегенмен бұл факторларға мемлекет әсер ете алмайтынын ескерген жөн. Аталған қиыншылықтарға қарамастан, еліміз сырттан қаржыландыру жүйесіне қолайлы жағдай жасауда. 2014 жылдан бері саладағы лицензиялардың 30%-ке жуығы жойылған. Кейбір қызмет түрлері барынша жеңілдетілген. «Өзге мемлекеттерге қарағанда Қазақстанда бизнес жүргізу жеңіл»,- дейді мамандар.

Алида Түйебекова, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ сервистік қолдау және постинвестициялық мониторинг департаментінің жобалық менеджері:

– Біріншіден, бізде шетелдіктердің қатысуымен ЖШС ашу үшін 3-4 күн кетеді. Екіншіден, бізде жарғы сынды құжаттарға бақылау жүргізілмейді. Өйткені бұлардың барлығы инвестордың кәсіпкерлік тәуекелдеріне жатады. Сонымен қатар Қазақстан қазір әкімшілік кедергілерді жою үшін түрлі реформалар жүргізуде.

Сарапшылардың айтуынша, әлемде үшінші жыл қатарынан инвестициялық процесстердің баяюлауы байқалады. Бұл  Брексит, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы және өзге де көптеген факторлармен байланысты. Дегенемен, «Қазақстан әлемдік экономикадағы өзгерістерге бірден жауап беру керек. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығыстарының өзі көптеген мүмкіндіктерге жол ашады» - дейді мамандар.

Мақсат Кубенов, консалтингтік компанияның басқарушы директоры:

– Бүгінгі таңда сауда қақтығыстарын зерттеп, ондағы мүмкіндіктерді пайдаланып жүрген мемлекеттер аз емес. Мысалы, АҚШ-тың ірі компаниялары Қытайдағы жоғары технологиялы зауыттарын басқа нарыққа көшіруге мәжбүр. Apple қазірдің өзінде жаңа сауда алаңын іздеуде. Сол сияқты, қытайлық зауыт иелері өзге елдің нарығы арқылы сауда жасауды көздейді. Сондықтан Қазақстан жаһандық өзгерістерге ілесіп, Қосылған құн салығын арттырудағы тартысқа түсе алады. 

Кез келген мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы шетелдік қаржы көздеріне қойылатын талаптармен бағаланады.  Қазақстанда бизнес ашу жеңіл болғанымен, басшы ауысқан сайын өзгеретін ережелер инвесторлардың жұмысын қиындатады. Осыны ескерген Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті органдарға  бірқатар тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен Үкіметке «Kazakh Invest» компаниясымен бірлесіп алдағы үш жылда әлемдегі танымал, ірі компанияларды елімізге тартуды тапсырамын. Алып компаниялар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. Олар Қазақстан нарығы үшін өзара бәсекелес болу керек. Біз шетелдіктер қаржыландыратын сала немесе аймақ басшысы ауысса да, коммерциялық шарттар тұрақты болатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл өте маңызды.

Мамандардың пайымдауынша, болашақта адам капиталына құйылған қаржы экономикалық өсім береді. Технологиялық тартыстан құр қалмау үшін Қазақстан адам капиталын дамытуға жұмыс істеу керек. Себебі жақын арада қарапайым азаматтар экономиканың драйверіне айналады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы