386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық және шетелдік инвестицияны тарту жағынан Алматы көш басында

  • 167
  • UPD: 22:06, 22.07.2019

Алматы қаласының экономикалық әлеуеті отандық және шетелдік инвесторларды қызықтырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы шаһарға тартылған инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Биыл да жаман болмайтын секілді. Алматы кәсіпкерлерге несімен қызық?

Отандық және шетелдік инвестицияны тарту жағынан Алматы көш басында келеді. Өткен жылы қала экономикасына 731 миллиард теңге қаржы салынған. Басым бөлігі – қазақстандық компаниялардың қаржысы. Ал 111 миллиард теңгесі шетелдік компанияларға тиесілі.

Рүстем Ворошилов, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Шетелдік инвестициялар тұрақты өсіп келеді. Осы жылдың алғашқы 6 айының өзінде 73 миллиард теңгеден астам шетелдік инвестия келді. Біздің қалада инвесторларға арнап «Инвесторлар үйі» ашылған. Оның мақсаты – инвесторларға барынша қолдау жасап, бюрократиялық кедергілерді азайту.

Алматыда кәсібін ашқысы келетін кез келген шетелдік компанияға Алатау ауданындағы Индустриалды аймақтан жалға жер беріледі. Мұнда қазірдің өзінде бірнеше шетелдік компания жұмыс істейді. Олар экономиканың негізгі алты бағытын қамтиды. Бұл азық-түлік, химия, фармацевтика және басқа да салалар.

Эдвин Блом, инвестор:

– Егер Қазақстанда қолжетімді бағаға сапалы өнім алсақ, жергілікті мамандарды жұмысқа тартатын болсақ онда бұл нарықтан кетудің қажеттілігі жоқ. Онда капитал осы елге қызмет етеді. Әсіресе бұл сервистік, өндіруші және өңдеуші салаға қатысты.

Максим Агеев, ҚР франциялық компанияның бас директоры:

– Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Реттеуші база жақсарып келеді. Елдегі салық мөлшерлемелері де көңілге қонымды. Дегенмен экономикадағы құбылмалы жағдайлар, валюта бағамы аздап толғандырады.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдік нарықта келеңсіз жайттар болып тұрады. Олардың алдын алу оңай шаруа емес. Бірақ өзгерістерге дер кезінде жауап қатып, тиімді шешім қабылдай білетін мемлекеттер шетелдік инвесторлар үшін қашанда тартымды болады, дейді мамандар. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Владимир Бовкис, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы