386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Қытай арасында тауар тасымалы артады

  • 143
  • UPD: 21:19, 23.07.2019

Алдағы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар тасымалы арта түспек.

Өйткені қазір қос мемлекетті жалғайтын Үшарал-Достық бағытындағы автомагистраль күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мүлдем жарамсыз күйге түскен тас жолдың 60 шақырымын жөндеу үшін 16 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Мемлекеттік деңгейдегі маңызы бар жобаның құрылысын тілшіміз Шыңғыс Қалиден көріп  қайтты. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Үшарал-Достық бағытындағы автомагистраль 1970 жылдардың басында Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін салынған болатын. Қолданысқа берілгеннен кейінгі 20 жыл ішінде бұл жолмен тек қана әскери техника тасымалданды. Кейіннен жалпы қолданысқа өткен. Елу жылдың ішінде  жолдың тозығы жеткені сонша жеңіл автокөліктегілер жанама жолмен жүруді жөн көреді. Жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан өзекті мәселе биыл оң шешімін тапты.

Қос мемлекетті жалғаған күре жолдың кеңдігі 9 метр болады. Қарама-қарсы бағытта екі жолақты етіп жасалмақ. Бұл жұмысқа мердігер мекеме өкілдері 150 техника мен  800-ден аса адамды жұмылдырған. 

Серік Айдаров, жоба жетекшісі: 

- Қазіргі таңда ең ауыр жұмыстар топырақ жұмыстары, біз оның 60 пайызын бітірдік. Одан кейін қиыршық тас салу. Оның артынан міне асфальт келе жатыр. Асфальттың 12 км салып бітірдік. 

Суға түсу маусымы кезінде Үшарал-Достық бағытында көлік қатынасы жиілей түседі. Күндізгі уақытта шамамен 1500-ден аса темір тұлпар жүйткіп өтеді екен. Жол салу жұмыстарының аяқталуымен бұл көрсеткіш артып, туризмнің дамуына ықпал етпек. 

Алмас Аханов, аудан әкімінің орынбасары:

- Туристердің негізгі жалпы саны Алакөл жағалауына өздерінің көліктерімен келуге ұмтылады. Соған байланысты бұл жолдың маңыздылығы зор. Достық Қытай арқылы бізде  орташа есеппен алғанда 25 млн тонна тауар тасымалданады, темір жол арқылы. Егерде осы жол іске қосылса, онда бізде автокөлік арқылы жүк тасымалы қолға алынар еді. Бұл дегеніңіз келешектің перспективасы. Келешектің жағдайы. 

Үшарал-Достық бағытындағы жолдың ұзындығы 180 шақырым. Биыл соның 30 км аяқталады. Келесі жылы да сондай көлемде жұмыс атқарылмақ. Ал 2021 жылы жол құрылысын толықтай бітіріп, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы