386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түрікменстан арқылы Иранға жүк жібере алмаған тәжік елі балама жол тапты

  • 222
  • UPD: 14:47, 25.07.2019

Түрікменстан жарты жыл бойы Тәжікстанның жүк көліктерін өз аумағы арқылы Иранға жібермей жатыр.

Осыған байланысты Душанбе балама жолдарды іздеуге мәжбүр болды. Осы ретте Қазақстан көмекке келіп, өз жол инфрақұрылымын пайдалануға рұқсат беруге дайын екендігін мәлімдеді.  

Түркіменстан өткен жылдың тамыз айында Тәжікстанның жүк көліктері мен теміржол вагондарының ел аумағы арқылы транзитіне тыйым салған болатын. Салдарынан Тәжікстанның  екі бірдей аймақпен, яғни Иран және Кавказбен алыс-берісі қиындап кетті.

Алиреза Сабетимогадам, логистика саласының маманы:

- Бұл шиеленіс ұзақ уақыт шешілмей жатқандықтан, мәселе ушыға түсті. Одан әрине Иран жапа шекті. Бұрынғы келісімді бұзып, ешкім жаңа шарт жасағысы келмей отыр. Екі мемлекет өзара дауласып жатқан кезде, Қазақстан бұл түйіткілдің түйінін тарқатудың жолын ұсынды. Енді жүк тасымалдаушылар Ақтау теңіз айлағын пайдалана алады.

Әрине бұрынғымен салыстырғанда  жол ұзарды. Жанар май шығыны артып, шекаралық өткелдер де көбейді.  Алайда Қазақстан транзитке елу пайыз жеңілдік беріп отыр. 

Сарвеназ Арианнеджад, экономист:

- Иран да Қазақстанның ізгі бастамасын қолдап, Тәжікстанға "Чобахор" теңіз айлағы аумағында жер телімін жалға алуды ұсынып отыр. Бұл ұсыныс теңізге шыға алмайтын аймақтағы барлық елге қатысты. Аталған теңіз айлағы арқылы Үнді мұхитына шығуға болады. Оның құрылысы жақында басталған, бірақ болашақта көптеген мемлекетке өз пайдасын әкелмек. Қазақстан мен Иран іскерлік қатынастарды дамытуға мүдделі және үнемі түрлі даулардың шешімін табуға тырысады. 

Ашхабад пен Душанбе арасындағы шекаралық дау  ирандық компанияларға әсер етті. Тыйым салынған алғашқы күні 25 жүк көлігі өткелден аса алмады. Қалған елдердің көліктерін шекарашылар кедергісіз жіберіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, Түрікменстанның бұл әрекеті Тәжікстандағы теміржол құрылысының ұзаққа созылып кетуіне байланысты болуы мүмкін. Бұл жол Ауғанстан арқылы екі елді байланыстыруы тиіс болатын. Қазақстанның осы мәселеге араласуы қос тарап арасындағы дауды шешуге септігін тигізуі ықтимал. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы