386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық фермерлер өсіріп отырған асыл тұқымды малға ТМД-да сұраныс бар

  • 133
  • UPD: 20:19, 04.08.2019

Қостанай облысындағы 600-дей шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Әсіресе Әулиекөл ауданы алдыңғы қатарда.

Жергілікті асыл тұқымды ірі қараның өнімділігі шетелдік сиырдан кем түспейді әрі ТМД аумағындағы фермерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие.  

Етті бағыттағы «Әулиекөл» тұқымын өсірудің селекциялық жұмыстары 50 жыл бұрын басталған. Тек 30 жылдан соң нәтижесін беріп, алғашқы асыл тұқымды сиырлар пайда болды. Ірі қараның мұндай түрі абердин-ангус, шароле және қазақтың ақ бас сиырын будандастыру нәтижесінде алынды. Осылайша мал араластыру жоғары өнімділік берді. Семіз малдардың салмағы бір жарым тоннаға жетеді.

Степан Морозов, зоотехник:

- Бұқалардың салмақ қосуы таңқаларлық. Сұлы, шөп, суды күнделікті 3 мезгіл береміз. Үш жасқа дейін күніне бір келіден қосып отырады.  

Жергілікті шаруашылықтарға асыл тұқымды мал сатып алу ниетімен  ресейлік фермерлер жиі келеді. Алайда, мал өсірушілер асыл тұқымды ірі қара сатумен табысқа кенеліп қоймай, бұқалардың бір бөлігін бордақылау алаңдарынан тура шетелге экспорттайды.     

Байтемір Ысмайылов, Әулиекөл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бізде қазір мал көбейіп жатыр аудан бойынша. Былтырғыға қарағанда 11 пайызға өсті. Ірі мал, ұсақ мал, жылқы. «Әулиекөл» тұқымы бар. Ол Әулиекөл-Москалев тұқымы ғой. Оны бренд деп көбейтіп жатырмыз өзімізде. Шаруашылықтар сатып алып жатыр бір-бірінен. 

Облыстағы асыл тұқымды ірі қара саны 76 мыңға жуықтайды. Көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл ретте «Сыбаға» бағдарламасының да үлесі қомақты. Биыл 3 жарым мыңдай мал сырттан келеді. Оларға мемлекеттен субсидиялар тағайындалған.    

Аслан Молдашов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

- Отандық болса 150 мың, шетелдік болса 225 мың теңге. Әр басқа беріледі. Сондай-ақ асыл тұқымды жұмыстар жүргізгені үшін жыл сайын аналық басқа 20 мыңнан төленеді.  

Тұқымды түрлендіру жұмыстары аймақтағы асыл тұқымды ірі қара санын арттыруға септігін тиігізіп жатыр. Аталған бағдарламамен жеке меншіктегі және фермалардағы 60 мыңдай төлдейтін мал қамтылған. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы