386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан шетелге бидай сату көлемін арттырмақ

  • 103
  • UPD: 10:54, 08.08.2019

Грузияда жылына тұтынатын бидайдың тек 15 пайызын ғана өсіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Импортқа тәуелді болғандықтан, Грузия билігі Қазақстанмен келіссөздер жүргізуде. Тбилиси қаласында өткен басқосуға осы елдің экономика министрлігінің, сонымен қатар бидай және нан өнімдері қауымдастығының мүшелері, ал Қазақ елінен ірі отандық корпорация өкілдері қатысты. Тараптар бидай бағасы мен көлік шығынын өтеу үшін субсидия бөлу мәселесін талқылады.

Грузия халқы жыл сайын 650 мың тонна бидай тұтынады. Астықтың дені Ресей мен Қазақстаннан әкелінеді. Алайда грузиялық тарап тасымал барысында көлік шығыны шаш етектен деп налиды.

Кети Кублашвили, «Агриком» компаниясының директоры:

– Осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстаннан келетін бидай импортына субсидия тоқтатылғаннан кейін соңғы кездері қазақстандық өнім елімізде бәсекеге қабілетсіз болды. Нарықтың 100 процентін ресейлік бидай жаулап алды. Әрине Грузия үшін бұл ыңғайсыз жайт. Жағдайды әртараптандыру үшін 2 немесе 3 жеткізуші ел болғаны дұрыс. Сондықтан Қазақстанмен байланысты нығайту басты мәселенің бірі болып тұр.

Қазақстанда өсірілетін бидай Грузияда танымал. Соңғы 3-4 жылда оның импорты 20 процентке артты. Грузиялық мамандар қазақстандық өнімнің сапасына жоғары баға береді. Ал аймақта ұлттық валютаның құлдырауына байланысты нан бағасы да қымбаттамақ.

Леван Силагава, бидай мен нан өнімдерін өндірушілер ассоциациясының төрағасы:

– Бидай импортына тәуелдіміз. Кейбір диірмендерде ұнның бағасын реттедік. Биыл өзіміздің өніміміз аз болғанмен, бағаның тұрақталуына септігін тигізді. Ал валюта нарығында тұрақсыздық тіркелсе, баға қайта қаралатын болады. 

Қазақстаннан келетін бидай Ресей мен Әзербайжаннан өтіп, теміржол арқылы жеткізіледі. Ресейден келетін астық арзан, дегенмен грузиндер сапасы жақсы қазақстандық өнімнен де дәмелі. Қазір тараптар екі ел арасындағы келіссөздердің нәтижесін асыға күтуде.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы