386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Доллардың қымбаттауы: мамандар үрейге бой алдырмауға шақырды

  • 202
  • UPD: 23:13, 08.08.2019

Соңғы бірнеше күнде доллардың теңгеге шаққандағы құны қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қаржы мамандары қазақстандықтарды үрейге бой алдырмауға шақырды. Олардың айтуынша, сыртқы макроэкономикалық факторларға қарамастан АҚШ доллары 1 процентке ғана қымбаттаған. Экономист Арман Байғанов теңгенің әлсіреуіне бірнеше жағдай әсер еткенін айтады. Бұл – әуелі Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы.

Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың жалпы құны 300 миллиард доллар болатын тауарына 10 процент көлемінде кедендік баж салығын енгіземін деп мәлімдеме жасаған еді.

Айта кетейік, теңгемен қатар рубль де арзандады. Ал Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екені белгілі. Соған қарамастан отандық экономистер қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды.

Арман Байғанов, экономист:

– Теңгенің әлсіреуі сыртқы жағымсыз макроэкономикалық факторларға байланысты. Егер әлемдік экономикада проблемалар пайда болса, шикізат тауарларына сұраныстың төмендейтінін түсіну керек. Яғни мұнай бағасы да күрт түсіп кетті. Аз уақыттың ішінде 7-8 процентке арзандады. Сыртқы жағымсыз факторлар, мұнай бағасының төмендеуі, Ресей рублінің әлсіреуі тұрғындардың алаңдауына себеп болды. Кейде осы шектен тыс алаңдаушылық мәселенің негізгі себебіне қарағанда жағдайға көбірек ықпал етіп жатады.

Хабар 24 телеарнасы