386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның өнеркәсіп айлағы Ақтөбеде арнайы индустриалды аймақ құрады

  • 187
  • UPD: 22:12, 10.08.2019

Түріктің ең ірі «Гебзе» ұйымдасқан өндірістік айлағы Ақтөбе облысында арнайы индустриалдық аймақ құрмақ.

Өңірде іске қосылатын аймаққа түрік тарапы өзімен бірге жергілікті және шетелдік инвесторларды тартпақ. Бұл туралы Ыстамбұлда өткен жиын барысында белгілі болды. 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Италиядағы сапарынан кейін Түркияға аттанған. Мұнда өңір басшысы елдің ең ірі «Гебзе» индустриалдық аймағына барып, серіктестерімен кездесті. Облыс әкімі Ақтөбе облысына инвестиция құюдың тиімді тұстарын баяндап, еліміздің инвесторларға жасалған мүмкіндіктерімен таныстырды. Жиын барысында тараптарлар алдын ала пысықталған индустриалды аймақ ашу жобасын талдап, қажетті талаптарды орындау бойынша келісім жасады. Жиын соңында тараптар техникалық және құқық мамандарынан жұмыс тобын құру бойынша шешім қабылдады.

Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

-  Жиында аймағымызға инвесторларды тартудағы инновациялық тәсілдермен таныстық. Сапар алдында серіктестерімізбен сараптама жасап, отырысқа дайын келдік. Облыс басшымыз түрік инвесторларын Ақтөбедегі мүмкіндіктермен таныстырып, өңірдегі индустриалды аймақты құру бойынша жобаны түсіндірді.

Ақтөбелік делегация Ыстамбұлдағы «Гебзе» индустриалды аймағында болып, ондағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Орталықтың техникалық инфрақұрылымы мен инновациялық мүмкіндіктерін өз көздерімен көрді.

Вахит Йылдырым, «Гебзе» ҰӨА басқарма төрағасы:

-   Ақтөбе географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан, әлеуметтік- экономикалық дамуы өте қарқынды өңір. Сондай-ақ инвесторлар үшін тартымдылығы жоғары. Осы себепті Ақтөбені таңдап отырмыз. Алдағы уақытта іске қосылатын «Гебзе» индустриалдық аймағымен бірге өңірдің әлеуеті одан да артатындығына сенімдімін. Себебі біз өзімізбен бірге түрік және шет елдік инвесторларымызды тартуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе өз кезегінде бізге шикізат, тасымал мен шетелге экспорттауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым жасап бергенін қалаймыз.

Айта кеткен жөн, Гебзе Түркиядағы ең ірі индустриялық аймақ. Онда әлемдік компаниялардың 42%-ы шоғырланған. Экспорттың жылдық айналымы  шамамен 30 миллиард доллар.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы