386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылғы қаңтар-шілдеде ЖІӨ өсімі 4,2% құрады – Асқар Мамин

  • 111
  • UPD: 12:15, 13.08.2019
2019 жылғы қаңтар-шілдеде ЖІӨ өсімі 4,2% құрады – Асқар Мамин

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2019 жылғы қаңтар-шілдедегі ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің орындалуы қаралды, сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселелері талқыланды. 

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Е.Досаев, бірінші қаржы вице-министрі Б.Шолпанқұлов баяндады, деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі. 

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Алматы облысының әкімі А.Баталов, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов тыңдалды. 

ҚР премьер-министрі 2019 жылғы 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алға қойған міндеттер аясында Үкіметтің негізгі басымдықтары халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялық ахуалды жақсарту екенін атап өтті.

«ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша бекітілген нақты шаралар жоспары біздің экономикамыздың одан әрі дамуына оң ықпалын тигізетін болады», – деді А.Мамин.

Осы жылдың қаңтар-шілде айларында ЖІӨ өсімі өткен жылдың тиісті кезеңіне шаққанда 4,2% құрады. Оң өсім құрылыста – 11,5%-ды, саудада – 7,5%-ды, көлік саласында – 5,4%-ды, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасауда – 17,7%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 14,3%-ды, түсті металдар алуда – 17,2%-ды, мұнай өңдеуде 5,1%-ды құрады.

Сонымен қатар салалық министрліктер көмір, шикі мұнай өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия саласындағы жоспарланған көрсеткіштерге жету бойынша шараларды күшейтуі керек.

«7 айдың қорытындысы бойынша негізгі базалық көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында экономикалық өсімге қол жеткізілді», – деген А.Мамин «әкімдер мен мемлекеттік органдардың, өңірлердің басшылары соңғы нәтижеге қол жеткізуге және бюджет қаражатын жоспарлы игеруге дербес жауап беретінін» атап өтті. 

«Елбасы бастамалары мен мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау үшін инвестицияларды белсенді тартуды, өнімді жұмыс орындарын құруды, экономиканы әртараптандыруды, өнімділікті арттыруды, экспортты ілгерілетуді, технологиялар мен инновациялар трансфертін жалғастыру қажет», – деді ҚР премьер-министрі.

Жаңа оқу жылының басталуына дайындық туралы ҚР білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің баяндамалары тыңдалды.

Бүгінгі таңда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы 85%-ды құрайтынын айта келе Үкімет басшысы барлық білім беру нысандарын 1 қыркүйекке дейін 100%-ға дайындау қажеттігін айтты. Арыс қаласындағы мектептердің оқу жылына дайындығына ерекше назар аудару тапсырылды.

ҚР премьер-министрі оқулықтармен қамтамасыз ету, балаларды тасымалдау және мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруді ұйымдастыру мәселесіне баса назар аудара отырып, «осы жылдың 15 шілдесінде өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту тұрғысынан, оның ішінде компьютерлендіру, мектеп процестерін цифрландыру мәселелері бойынша берген тапсырмаларын орындауды күшейту қажеттігін» айтты.

Хабар 24 телеарнасы