386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда «ҚазТрансОйл» компаниясының мамандарының форумы өтті

  • 122
  • UPD: 22:55, 13.08.2019

Ақтауда «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының жас мамандары бас қосқан ауқымды форум өтті. Мақсат отандық мұнай тасымалы саласының болашағын талқылап, кесімді пікір, ұтымды ойларды тыңдау.

Форум аясында жұмыс қарқынын жеделдетіп, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге қатысты ұсыныстар айтылды.

«ҚазТрансОйл» компаниясында 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың 18 процентін жастар құрайды. Бұл форумға еліміздің он екі аймағынан келген жүз жас маман қатысып отыр. Әрқайсысының мұнай тасымалы көрсеткішін жақсартып, өндірістік қауіпсіздікті арттыру тақырыбында айтар ой-пікірі бар. 

Мейіржан Серіков, Жезқазған мұнай құбыры басқармасының инженері:

- Мұнай-газ саласында роботтық технологияларды пайдалану диагностикалық жұмыстарды жасауға мүмкіндік береді. Соның ішінде магистральды мұнай құбырын резервуарлардағы диагностика жұмыстарына талдау-зерттеу жасауға алып келеді. Ол бірінші кезекте экологиялық қауіпсіздікті, еңбек қауіпсіздігін, сондай-ақ қаржылық шығындардың және істен шығулардың алдын алуға жол береді.

Данияр Ембергенов, Өзен бас мұнай айдау станциясының жетекші инженері:

- Бұл форумнан біз үлкен әсер алып жатырмыз. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жаңа достар тауып, жаңа мотивация алып жатырмыз. Бұл жерден алған тәжірибемізді болашақта қолданамыз деген үміттеміз. Компания бізге үлкен үміт артып жатыр. Болашақта сол үмітті ақтауға тырысамыз.

Компания жас мамандарға жіті мән беріп, кадрлық резерв саясатын жетілдіруді қолға алып отыр. Оған кәсіби біліктілігін іс жүзінде көрсетіп жүрген жастар қабылданады. Бұдан басқа, мұнай тасымалы саласына енді келетіндер болашақ қызметінің қыр-сырын студент кезінен-ақ меңгере алады. Бұған жазғы демалыста 400-ден астам студенттің өндірістік тәжірибеден өтіп жатқаны дәлел.

Орал Ыдырысов, «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының орынбасары:

- «ҚазТрансОйл» компаниясында Жол картасы құрылды. Біраз шаралар соның шеңберінде өтіп жатыр. Өйткені, компанияның болашағы осы жастардың қолында. Цифрлы Қазақстан, автоматизация деп жатырмыз. Жастар болған соң олар осы жұмыстың қарқынын көтереді деп сенеміз. Әрине, жақсы ұсыныстар болып жатса, қолдап әрі қарай көтеру компаниямызда өте ықтимал.

Форум шеңберінде ғылыми-тәжірибелік конференция, «Ұқыпты өндіріс» және «Time management» атты тренингтер өтті. Сондай-ақ жас мамандар компания болашағын толғап, шағын эссе жазудан сынға түсті. Үздік шығарма авторлары құрмет грамоталарымен марапатталды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы