387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақ құрылады

  • 172
  • UPD: 23:34, 16.08.2019

Қазір қажетті құжаттары дайындалып жатыр. Ол іске қосылғанда 50-ге жуық жоба жүзеге асатын болады. Биылдың өзінде өңірде жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс істеп тұрған бірқатар өндіріс ошағын жаңғырту жоспарланған. 

Жыл соңына дейін бұл іске 600 млрд теңге қаражат тарту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында, облыс басшылығына өңірге инвестиция тарту ісін мықтап қолға алуды тапсырған.

Жұмсақ контейнерлер шығаратын мына кәсіпорын – Ақтөбеде жүзеге асып жатқан бірегей жобалардың бірі. Мұнда негізінен цемент, құм, тыңайтқыш секілді ұсақталған жүктерді тасымалдауға арналған берік қапшықтар жасалады. Тұтастай фабрика қызметін атқаратын жобаны іске асыруға 1 млрд теңге бағыттау көзделген.

Ботагөз Тайбукенова, кәсіпорын директоры:

- Қарапайым заттар экономикасына сәйкес, біз қазір банкпен жұмыс істеп жатырмыз. Жобаның екінші кезеңін қажетті жабдықтарды сатып алумен іске асырмақпыз. Бұған әрине қомақты қаржы керек. Бұдан бөлек, 30 млн теңге көлеміндегі өз қаражатымызға қосымша ангар құрылысын жүргіземіз.

Инвестиция тартуға қолайлы әрі болашағы зор салалардың бірі құрылыс индустриясы. Жыл өткен сайын қарқыны артқан жүйеге қажетті бұйымдарға сұраныс мол. Биыл облыс орталығында құны 15 млрд теңге болатын кірпіш зауыты мен 9 млрд теңге инвестиция тартылатын керамогранит және керамикалық тақтайшалар шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Өндіріс туралы аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында мемлекет басшысына баяндалған болатын. Еуропалық үлгіде өнім шығаратын зауытта қазір шетелдік жабдықтар орнатылып, коммуникация желелері тартылуда.

Дархан Ермағамбетов, облыстық индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Құрылыс саласынан басқа бізде қазіргі таңда мұнай химиясы, газ химиясына бағытталған жобаларды осы Ақтөбе облысына орналастыруға жоспарлап, сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Біз балансты қарастырғанбыз. Анализ жасадық. Сол импорттан шыққан металлдан жасалатын метал өнімдерін қайта өңдеу, өндіру, машина жасау салаларына инвестиция құюға жаңа жобаларды біз ұсынып отырмыз.

Ал Ақтөбенің индустриалды аумағында бүгінде 75 млрд теңгенің 20 инвестициялық жобасы іске асып жатыр. Арнайы экономикалық аймақ құрылған кезде тартылатын қаржы көлемі бірнеше есе ұлғаймақ. Онда қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары орналастырылатын болады. Бұл өз кезегінде өңірге танымал ірі трансұлттық компаниялардың келуіне жол ашпақ.

Әнуар Асылов, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры:

- Түркиялық инвесторлар ұсынып отырған жоба өте маңызды деп айтуға болады. Әрі өзге де кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Олар осында келіп, өндіріс орнын ашқысы келеді. Алға қойған мақсат-міндеттері де ауқымды. 

Арнайы экономикалық аймақтың аумағы 1 300 гектарды құрайды. Онда негізінен жоғары технологиялық өндірістер, соның ішінде, өңдеу өнеркәсібін құру жоспарланған. Сондай-ақ қарапайым заттар экономикасы аясында да түрлі жобалар іске аспақ. Жалпы жыл басынан бері өңірге 260 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы