387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде биыл 87 мың гектардан астам алқапқа күріш егілген

  • 192
  • UPD: 22:11, 18.08.2019

Биыл Сыр өңірінде 183 мың гектар алқапқа егін егілді.

Оның 87 мың гектардан астамы – күріш. Биыл Сыр маржанының шығымы өте жақсы, - дейді мамандар.

Өнімінің 70 процентін экспортқа шығаратын Мінажадин Өтеевтің шаруашылығы биыл әр гектардан орта есеппен 50-55 центнер күріш жинауды көздеп отыр.  

Мінажадин Өтеев, серіктестік директоры:

– Өткен жылы табиғат құбылысына байланысты, Қазалы ауданында судың болмауына сәйкес, күріштің өнімділігі төмендеу болды. Биылғы жылы бізде 2 мың 400 гектар күріш егілген. Көріп отырсыздар, күріштің шығымы жаман емес. 50 проценті шетелге, 20 проценті алыс шетел, деп соған бағыттап жұмыс жасап жатырмыз. 30 пайызы осы елдің ішіндегі жұмыстарға.

Биыл Сыр өңіріндегі күріш алқаптарының 77 проценттен астамы бітік шыққан. Қалғаны орташа және қанағаттанарлық күйде. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жақсы, - дейді мамандар. 

Сәбит Жалғасбаев, агроном:

– Осы айдың 27-28-не орақпен комбайн саламыз ба деп есептеп отырмыз. Биылғы жылғы ауа райы, су, тыңайтқы, бәрі берілді. Енді шаруашылық бойынша гектарына 5 тоннадан өнім аламыз ба деген межеміз бар.

Күріш қана емес, күздік бидайдың да әр гектарынан өткен жылмен салыстырғанда 5,5 центнер артық өнім алу мүмкін болды. Облыс бойынша биыл майлы дақылдар мен бақша көлемінің ұлғаюына байланысты, егіс аумағы 6 мың гектарға ұлғайды. Осынау мол несібені шашпай-төкпей жинап алу үшін мемлекеттік қолдаулар тиімді пайдаланылып келеді.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен 16 мың тонна дизель отыны бөлінген. Қазір енді осыны айлар бойынша бізде облыстағы операторлар кестеге сәйкес алып жатыр. Атап айтқанда осы шілдеге қаралған 4,9 мың тоннаны біз қазір толықтай ақшасын төлеп, соның 3 мың тоннасын облысқа жеткіздік. Әр литрін 178 теңгеден шаруашылықтарға операторлар жеткізіп жатыр.

Өңірдегі күріш орағы қыркүйек айынан басталып, 1 айдай жалғаспақ. Биыл өңірдегі серіктестіктер 126 ауыл шаруашылығы техникасын жаңадан сатып алды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы