387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт Атамқұлов Бундестаг депутаттарымен келіссөз жүргізді

  • 164
  • UPD: 15:56, 20.08.2019

Қазақстанның Сыртқы істер министрі ресми сапармен Германияға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар барысында Бейбіт Атамқұлов Бундестаг депутаттарымен және бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ ведомство басшысы Берлинде Германияның сыртқы істер министрі Хайко Мааспен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі өзекті мәселелерді талқыға салды.

Германия – Қазақстанның басты экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 млрд доллардан асты. Ал тауар айналымы 10 процентке ұлғайған. Мұнымен қатар экономикаға салынған инвестиция да артып келеді. Көбіне неміс кәсіпкерлері шикізаттық емес секторға қаржы құюда. Осыған орай екі ел алдағы уақытта да өзара тиімді серіктестікті жалғастыруды көздеп отыр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР сыртқы істер министрі:

– Соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанға Германиядан тікелей тартылған инвестиция көлемі 8,6 миллиард долларға жетті. Аталған елден келген инвестицияның 90 процентінен астамы шикізаттық емес салаға құйылды. Атап айтсақ, ол көлік құрастыру, қайта өңдеу мен химия өнеркәсібі. Германия – біз үшін ерекше серіктес. Сондықтан болашақта бұл елмен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтпақ ниеттеміз.

Хайко Маас, Германия сыртқы істер министрі:

– Сіздің елімізге жасаған сапарыңызға қуаныштымыз. Біз бүгін саясат, экономика және мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай қалай нығайту керектігі жөнінде әңгімелесеміз. Қазақстан – біз үшін Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес. Жалпы Еуропа үшін аталған аймақтың маңыздылығы жыл санап артып келеді. Оған 2 ай бұрын Еуроодақтың осы аймаққа қатысты қабылдаған жаңа стратегиясы дәлел.

Бұдан бөлек, ресми сапар барысында ведомтсво басшысы Германияның экономика министрлігінде бірқатар келіссөз жүргізді. Онда тараптар логистика, жаңғырмалы энергия мен цифрландыру салаларындағы жобаларды талқылады. Сонымен қатар Бейбіт Атамқұлов Бундестаг депутаты Манфред Грундпен де кездесті.

Манфред Грунд, Бундестаг:

– Біздің парламентаралық ынтымақтастығымыз көптеген жылдар бойы жоғары деңгейде жалғасып келеді. Екі ел парламенті тығыз байланыста. Жалпы Қазақстан – Еуропа мен Азияны жалғап тұрған көпір іспетті. Ал Германия – үшін қазақ елі өте маңызды серіктес. Сондықтан біз экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтқымыз келеді.

Германия – Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық серіктесі. Қазір мемлекеттер ортақ жол картасын әзірлеп жатыр. Ол туризм, баламалы энергетика салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде қазақ-неміс қатынасын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы