387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның ең үздік компаниялары ел экономикасына инвестиция салуға ниетті

  • 212
  • UPD: 15:35, 25.08.2019

Түріктің ең үздік 500 компаниясына кіретін кәсіпорындар Қазақстан экономикасына инвестиция салуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар әсіресе, тұрмыстық техника, металл өнімдері, қант, жиһаз және тоқыма саласына қаржы құюды жөн санайды.

Кайсери провинциясы Түркияда алғаш құрылған өндірістік аймақ. Мұнда 1300-ден астам компания, 75 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы бизнес иелері Қазақстанда да ісін өрістетіп, бірлескен кәсіпорын құруға ынталы. Солардың бірі – «Femaş» компаниясы. Тұрмыс техникасын өндіретін зауыт өз елінде тұтынушылардың сеніміне ие.

Юсуф Үге, «Femaş» компаниясының бас директоры:

- Компаниямыз металл өндірісі, соның ішінде барлық тұрмыстық техника өнімдерін жасайды. Бірнеше жылдан бері Қазақстанға бірқатар тауарларымызды экспорттап келеміз. Ендігі мақсатымыз – онда тұрмыстық техника мен металл өндірісі бойынша үлкен зауыт ашу. Бұл ретте Қазақстан елшілігінің қолдауы зор.

Қасым Сойырқас, кәсіпкер:

- Біз бұл компанияның бұған дейін Қазақстанға дайын өнімін апарушы едік. Енді түрік компаниясымен бірге Қазақстанда өндірмекшіміз. Тек қана қазақстандық нарық емес, шетелге де экспорттауды көздеп отырмыз. Ресей, Қырғызстан мен Беларусь, жалпы ТМД мен Кеден Одағына мүше елдерге шығуды ойластырып жатырмыз.

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жетуі тиіс. Екі елдің 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасында осындай жоспар бар. Бұл бағытта қазақ-түрік ынтымақтастығын арттырып, елімізге инвесторлар тарту міндет. Бірлескен өндіріс аймақтарын құрып, ортақ жобаларды жүзеге асыру маңызды.

Нуриддин Аманқұл, ҚР Елшілігінің инвестициялар бойынша бірінші xатшысы:

- Түркияның алдыңғы қатарлы жетекші компанияларымен кездесу жұмыстарын күнде-күнде жалғастырудамыз. Бүгінгі таңда Түркияның экономикалық жағынан 12-ші ең үлкен аймағы Кайсериге келдік. Бұл аймақтың экспорты 3 миллиард доллардан астам. Осында елдің ең ірі 500 компаниясына кіретін компаниялармен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырдық.

Қазақстанның бизнес климатынан хабардар түрік кәсіпкерлері инвестиция құюға ықыласты екендіктерін көрсетіп келеді. Сондықтан бауырлас елдердің экономикалық қарым-қатынасы нығая түсетініне сенім мол.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

 

Хабар 24 телеарнасы