387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 12-13 қыркүйекте Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтеді

  • 157
  • UPD: 18:58, 26.08.2019

Соңғы жылдары отандық машина жасау саласы көш ілгеріледі.

Мәселен, 2000 жылы жалпы өндіріс құны 46 млрд теңгеге жуықтаған болса, өткен жылы елімізде құны 1 трлн 100 млрд теңгеге тең өнім шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашында кешенді сала тек қосалқы бөлшектер өндірумен шектелсе, қазір соңына дейін дайын өнім шығарады. Осы және өзге де қадамдар келер айда өтетін Қазақстан машина жасаушыларының VII форумында негізгі тақырыпқа арқау болмақ. 

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Жалпы машина жасау өнеркәсібі тек көлік құрастырумен шектелмейді. Аталған салаға ауыл шаруашылығы, металлургиялық, энергетикалық, тұрмыстық техника мен осындай станоктар жасау, бұрандама құю, жону, тегістеу және металды ию сынды жұмыстар кіреді. Осылайша, бірнеше салалы кешен бірқатар секторды қамтиды.

Мәселен, Назарбаев Университетіне қарасты технопаркте «Machine Shop» тәжірибелік-эксперименталдық цехы жұмыс істейді. Студенттер мен оқушылар осында ойлап тапқан өнертабыстарына пішін беріп, қажетті бөлшектері мен тетіктерін өз қолдарымен өңдейді. Немесе осындағы шеберлерге алдын ала тапсырыс береді.

Рамиль Ибрагимов, инженер-құрастырушы:

- Әртүрлі жобалар келіп жатыр. Айта кетер болсақ, біз өзіміздің университетте студенттердің жобасы болды. Сол жобаларын, яғни біздің көмегіміз арқылы сол скутерді табақша металдың көмегі арқылы кесіп, иіп, тағы да механикалық бөлшектер болды. Соларды өңдеп, жасап шығардық. Ол скутер Барселонаға барып, жоғарғы орын алып келді.

Тамыз айының басында Испанияда өткен «Smart Scooter Challenge» жарысында отандық төл техника аккумуляторының 150 ваттық қуаты 20 сағатқа дейін жол жүре алатынын көрсетіп, авторлары байқау жеңімпазы атанды. Цехтағылардың халықаралық көрмелерде ұялмай ұсына алатын өзге де self-made жұмыстары бар. Бірақ оларды қыркүйек айының 12-сі мен 13-сі күндері елордада өтетін Қазақстан машина жасаушыларының VII форумында ұсынуды жоспарлап отыр.

Еркін Бектасов, Назарбаев Университеті инновациялық кластерінің тәжірибелік-эксперименттік цех басшысы:

- Біздің инновациялық кластер машина жасаушылар форумына қатысады. Барша келушіні көрмемізге шақырамыз. Еңбегіміздің бірнеше үлгілерін ұсынамыз. Сондай-ақ форум қарсаңында Назарбаев Университеті қабырғасында «Индустрия 4.0» жобасына арналған семинарымызды өткіземіз.

Келер айдың ортасында «Экспо-Конгресс» орталығында Қазақстан машина жасаушылардың 7-форумы өткізіледі. Форумға 35 мемлекеттен мыңнан астам делегат қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында әлемге белгілі машина жасаушы компаниялардың өкілдері де болады. Бұл,,, отандық кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерімен тиімді байланыс орнатуға таптырмас мүмкіндік береді. Тақырыбы: Машина жасау - Қазақстанды индустрияландырудың драйвері.

Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ҚМЖО» ЗТБ басқарма төрағасы:

Жалпы машина жасау саласы жылдан жылға ілгерілеп келе жатыр. 2013 жылдан бастап Елбасының Үдемелі индустрияландыру инновациялық бағдарламасы үлкен ықпал берді. Осы 1 айдың ішінде ғана Үкімет машина жасау саласының 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.

Бағдарламаның негізгі бағыттары мынадай. Бірінші мақсат – 2024 жылға дейін өндіріс көлемінің құнын 2 трлн теңгеден асыру. Екіншісі – өнеркәсіптік саясат пен индустрияны дамыту туралы заңдарды қабылдау және экспорттық әлеуеті мен болашағы бар компанияларға қаржылық, салықтық жеңілдіктер ұсыну. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанынан Өнеркәсіпті дамыту қорын құру, оны жүйелендіру.

Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ҚМЖО» ЗТБ басқарма төрағасы:

- Егер біз оны жасай алмайтын болсақ, 2023-2024 жылдары елде шығарылған автомобильдерді тек қана өзіміздің мемлекетте сатуға мәжбүр боламыз. Өйткені машина жасауда Еуразиялық экономикалық одағындағы әріптестерімізбен келісім бойынша 50% өзіміздің отандық құрал-бөлшектер болу керек.

Осылайша, өткен жылы машина жасау саласының жалпы өнім құны 1 трлн 100 млрд теңге болса, биыл жыл соңына дейін көрсеткішті 1 трлн 300 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс, Сұлтан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы