389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіп ашуға мүдделілер қатары артты

  • 141
  • UPD: 10:03, 27.08.2019

Жыл басынан бері әлеуметтік қамсыздандыру мекемесіне 16 мыңдай батыс қазақстандық тұрғын хабарласқан. Олардың 10 мыңнан астамы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы арқылы мақсатына жетті.

Мыңнан аса адам өз кәсібін бастаушыларға арналған бизнес курстарын тәмамдаса, тағы мың шақтысы жұмысшы мамандықтарын меңгеру мақсатында колледждерге жолданды.  

Талғат Өтебергенов 10 жылдан бері көлік шанағын жөндеумен айналысып келеді. Шебердің мына секілді майысқан тұстарды сырламай-ақ жөнге келтіру тәсілі көптің көңілінен шығып жүр. Бұл әдістің артықшылығы сонда, шанақтың зақымданған бөлігін бөлшектемей ақ жөндей беруге болады екен. Бір жақсысы, мұндай кезде зауытта жағылған сырға еш зиян тимейді. Арнайы қондырғыны сатып алу үшін Талғат «Бизнес бастау» курсын тәмамдап, өз ісін бастаған кәсіпкер ретінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.

Талғат Өтебергенов, кәсіпкер:

- Күнделікті жұмыста бұл құралдардың пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе бояудың қажеті болмайтын бөлшектердің зауытта жағылған сырын сол күйінде сақтап қалуда көмегі зор. Мен бұл жерде шанақты оңдап түзетумен қатар сыр жақпай ақ майысқан жерлерін жөндеу секілді екі шаруаны бірден атқарамын.

Жұмыссыздар мен өз кәсібін енді бастағандар үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз гранттар беру көзделіп отыр. Шағын несие алу бойынша түскен жобаларды қараумен жұмыспен қамту орталығының мамандары айналысуда.

Аэлита Әбілхайырова, Тасқала аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлімше басшысы:

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызға 200 миллион теңге бөлінген болатын. сонымен қатар 4 айлық есептік көрсеткіш бойынша 4 грант және 200 айлық есептік көрсеткіш бойынша 20 грант бөлінген болатын. Ол дегеніміз жұмыссыз азаматтарға және аз қамтылған жастарға бөлінген гранттар болатын.     

Бағдарлама көмегімен өз ісін ашуға мүдделі тұрғындар саны күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде аймақта 500-дей тұрғынға 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы