385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін бір жылдан бері Ресей нарығына өткізе алмай әлек

  • 76
  • UPD: 13:07, 28.08.2019

Себебі түрлі кедергілер көбейген. Әсіресе, Ресей тарапы біздің елде дайындалған кейбір тауар түрлерін қабылдаудан түбегейлі бас тартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді осы түйіткілді шешу үшін тың жүйе әзірленіп жатыр.

Қазақстандағы құс өсірушілер шығынға белшесінен батып отыр. Олар өз өнімдерін бір жылдан бері Ресей нарығына өткізе алмай әлек. Өткен жылы теріскейдегі ауылдардың бірінде құс етінен қылау бактериясы табылыпты. Осыны желеу еткен ресейлік ветеринарлар тұтас облыстан тасымалданатын тауық етіне мүлдем тыйым салған.

Руслан Шарипов, ҚР Құс өсірушілер одағының президенті:

- Былтыр біздің ветеринарлар Ресейден жеткізілетін құс еттерінен сальмонеллез ауруын анықтады. Сөйтіп, оларды Қазақстан аумағына кіргізуге уақытша тыйым салған еді. Бұл шешім ресейлік тарапқа ұнамаған болуы керек, сөйтіп олар көп ұзамай біздің елде дайындалған құс еттерін қабылдаудан бас тартты. «Қазақстандық өнімдерден де қауіпті бактерия табылып жатыр» деп шекарадан өткізбей қойған. Сөйтсек, олар солтүстік өңірдегі ауылдардың бірінде сондай жағдай тіркелген деген ақпаратты желеу етіп отыр екен. Еуразиялық экономикалық одақ келісімі бойынша қай ауылдан ауру анықталса, сол ауылдың өнімін алмауға құқылы. Бірақ тұтас облыстан жеткізілетін тауардан бас тартуларына болмайды. Меніңше, олар мұны бізге ерегескеннен жасап отыр.

Бұл тіреске бәсеклестік түрткі болуы әбден мүмкін. Ресейлік тарап қазақстандық құс еттерінен ғана емес, басқа да тауар түрлерінен бірте бас тартып жатқан көрінеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығы осылай дейді. Тіпті көрші мемлекет Қазақстан экспорттайтын кейбір тауарлардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермей отыр екен.

Евгений Больгерт, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары

- Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан экспорттайтын өнімдердің 90%-і Ресейге жеткізіледі. Сондықтан көрші мемлекеттің нарығына шығып, тұрақты жұмыс істеу біздің ел үшін өте маңызды. Шетке тасымалданатын тауар түрлерін көбейтуге, олардың көлемін арттыруға дайынбыз. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ көп жағдайда күтпеген қиындықтарға тап болып жатамыз. Оларды кейін үкімет басшыларының деңгейінде шешуге тура келіп жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары кезінде осы мәселені көтерді. Президент бұл жайттан хабардар екенін айтты. Сөйтіп, Үкіметке қазақстандық кәсіпкерлердің құқығын тиісті деңгейде қорғауды тапсырды.

Қасым-Жомарт тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Кейбір серіктестеріміз адал бәсекелесуге мүмкіндік бермей отыр. Олар нарықтағы үлесті теңдей бөлмейді. Сондықтан Үкіметке осы мәселені мұқият зерттеп, талдау қорытындысын Еуразиялық комиссияға өткізуді тапсырамын. Біздің кәсіпкерлердің құқығы тапталмауы керек. Оларға одақ аясында адал еңбек етуге мүмкіндік берілуі тиіс.

Ортақ нарықта толайым табысқа кенелу оңай емес. Оның үстіне, қапыда келіп қақпақыл қылатын көлденең көк аттылар да бар. Сондықтан тараптар осындай келеңсіздікті болдырмау үшін электрондық жүйе енгізуді ұйғарған екен. Тың бастамаса жүзеге асса, онда құжат рәсімдеу, саудаға рұқсат алу сынды түйіткілдердің барлығы автоматты түрде шешімін табар еді.

Евгений Больгерт, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Өнім өндірушілер тауал тасымалдауға келгенде қиындықтарға тап болмау үшін оларға сенім сертификаттарын беру туралы бастама көтерілді. Бірақ көп жағдайда сол құжаттың заңдық күші ескерілмей жатады. Сондықтан тауарларды рәсімдеуді және олардың саудалауды жеңілдету үшін ортақ электрондық жүйе әзірлейтін болып шештік. Цифрлық бағдарлама жүзеге асса, барлық іс-қағаздар ортақ базада сақталады. Барлығына талап бірдей болғандықтан, тауарлардың тексерісі автоматты түрде жүреді.

Қазақстан тарапы жаңа жүйені қолдануға дайын отыр. Тек одаққа мүше өзге елдердің шешімін күтуде. Цифрландыру барлық мемлекетте бірдей сәтті жүзеге асып жатқан жоқ. Озғаны бар, озғанға қол созғаны бар. Сондықтан ортақ электрондық жүйенің қашан іске қосыларын дөп басып айту әзірге қиын.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы