387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарыз жүктемесін азайту: 629 мың адамға көмек көрсетілді

  • 295
  • UPD: 22:57, 31.08.2019
Қарыз жүктемесін азайту: 629 мың адамға көмек көрсетілді espanarusa

Елімізде азаматтардың қарыз жүктемесін азайту шаралары аяқталды, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Айта кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туалы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Жарлыққа сәйкес, банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару көзделген. Кейін Үкімет екі негізгі бағыт бойынша механизм әзірлеген еді. Яғни бірінші бағыттың мақсаты – өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарға қаржылық көмек көрсету. Мемлекет азаматтардың 300 мың теңгеден аспайтын несиесін өтеп беруді жөн деп шешті.

2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын отбасылар бұл шарамен қамтылды.

Атап айтсақ, көп балалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар осы көмекке ие болды.

Екінші мақсаттың бағыты – банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару.

Бірінші бағыт бойынша бюджеттен 105 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың қорына аударылған. Қаржы министрлігі бұл қаражаттың арқасында 629 мың адамға айтарлықтай көмек болғанын хабарлайды.

Екінші бағыт бойынша екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар 1,4 млн азаматтың 33 млрд теңгелік өсімпұлы мен айыппұлы алынып тастаған. Оның 30 пайызын, яғни 10 млрд теңгесін мемлекет «Проблемалық несиелер қоры» АҚ арқылы қалпына келтірген.

«Жарлықтың нәтижесінде қазақстандықтардың қарыз бойынша жүктемесі азайды. Тіпті кейбір азаматтардың банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарызы толығымен кешірілді. Осылайша Жарлықта қарастырылған шаралардың бәрі де аяқталды. Аталған акция тек бір реттік екенін ескеру керек», - деп хабарлайды Қаржы министрлігі.

Хабар 24 телеарнасы