385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттен грант алған тараздық жастар кәсіпкерлікке бет бұрды

  • 128
  • UPD: 14:57, 02.09.2019

2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғалы елімізде жастар саясатын сапалы жүзеге асыруға бағытталған жобалар көбейді.

Әсіресе олардың оқып, білім алуына және кәсіпкерлікпен айналысуына зор мүмкіндік берілді. Мәселен, биыл жамбылдық жастар 300 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант алды. Оған жеке іс бастап, 158 адам кәсіпкерлікке бет бұрды. Өзге аймақтарда да олардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру мақсатындағы шаралар жалғасып жатыр.

Жамбыл облысында жастарды қолдауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы тиімділігін тағы бір көрсетті. Өңірде мемлекеттік жоба аясында 3 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттарға байқау жарияланып, оған қатысуға 500-ге тарта жас кәсіпкер өтініш білдірді. Ұсынылған бизнес-жобаларды арнайы комиссия қарап, ішінен 158-і іріктеліп алынды. Егер мақұлданған бастамалар толық жүзеге асырылса 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. 

Жандәулет Кенжебеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Грант беру кезінде комиссия мүшелері әрине біріншіден жобаның жаңашылдығына қарады. Екіншіден өндірістік жобаларға, мынау өңірімізде дамыту қажет деген жобаларға баса назар аударды. Оның ішінде кәсіпкердің ол жобаны іске асыруға қабілеттілігі мүмкіндігі ол жобаны түсініп отырғандығына назар аударды.

Дәл осындай шаралар өзге өңірлерде де жалғасып жатыр. Оралда жас кәсіпкерлерге арналған форум өтті. Онда аймақтағы жастардың әлеуетін арттырып, жеке іс бастаймын деушілерге жағдай жасау мәселелері талқыланды. Ал «Бизнес бастау», «Жас кәсіпкер» жобаларының қатысушылары өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік алды.

Аян Сакошев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы:

- Форум аясында бізде «Жас кәсіпкерлер» жобасының қатысушылары қатысуда. Сонымен қатар «ZHAS PROJECT» жобасының қатысушылары қатысуда. Яғни нақты көруге болады биыл 217 жоба 1 миллион теңге қайтарымсыз гранттар алып, әлеуметтік стипендияларын алып өз кәсіптерін бастап жатыр. 80 пайызы ауылдық жерлерде. Яғни бұл біздің ауылдағы жастарға өз кәсіптерін ашуға жаңа бір серпіліс береді деп ойлаймын, өйткені нақты қолдау бар. 

Айым Меңдіғалиева, «Zhas Project» жобасының гран-при иегері:

- Қазақстанда 2017 жылы бастау алған «ZHAS PROJECT» жобасы биыл БҚО және 3 облыс пен 2 қалада жүзеге асырылып жатыр. Бұл әлеуметтік жоба 2017-2020 жылдароға мақсат етілген жоба. Енді 2020 жылы бітіп қалмай 14 пен 29 аралығындағы жастардың бизнесін дамыту бағытында үлкен мүмкіндіктер беретін болғандықтан біз осы сынды жобалардың жалғасын тапқанын қалаймыз.

Ал павлодарлық жастар биыл жатақханамен қамтылатын болды. Қазір Ақсу қаласында қара металлургия колледжінің студенттері үшін 200 орындық жаңа ғимарат салынып жатыр. Еліміздің ірі өндіріс ошақтары үшін кадр даярлайтын бұл білім орнында жатақхана бұрын-соңды болмаған. Проблеманы шешуге 670 миллион теңге бөлінді. 

Ольга Поддубная, Ақсу қалалық металлургия колледжі директорының м.а.:

- Студенттер жатақханада тегін тұрады. Бөлмелерді беруде ауыл жастарына басымдық беріледі. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың және ата-ана қамқорлығынан айырылған студенттерге ежеңілдіктер қарастырылған.  Құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын осы жылдың соңында аяқталмақ. 

Қазір жылдың 9-айы басталды. Жыл соңына дейін әлі де ел аумағында жастарды қолдауға бағытталған ауқымды шаралар жалғасады. Бұл жастардың жігері жанып, еңбек етуге ерекше түрткі болмақ. 

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Талғат Серікқалиұлы

Хабар 24 телеарнасы