389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстандағы қазақ кәсіпкерлері ата жұртпен байланыс орнатуға ниетті

  • 280
  • UPD: 15:28, 13.09.2019

Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтың іскер азаматтары ата жұртпен байланыс орнатуға ниетті.

Тіпті бизнеске қыз-келіншектер де қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Ташкентте Отандастар қорының ұйымдастырылуымен өткен бизнес-форумда айтылды.

Мұндай форматтағы бизнес-форум Өзбекстанда алғашқы рет өткізіліп отыр. Диаспора өкілдері тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар өте көп болды. Шараны ұйымдастырушылар Елбасы бастамасымен құрылған қордың негізі бағыт-бағдарын таныстырды. Өзара іскерлік қарым-қатынас орнату және шетелдегі қандастарымызды біріктіруге бағытталған «Қазақ мәдени-іскерлік үйінің» жұмысын жандандыру жағы талқыланды. Қазақстанда бизнес өкілдері үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер мен стартаптарды қолдау, бірлескен кәсіпорын құру және экспорт мәселесі түсіндірілді.

Арғын Оспанов, дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Кездесудің нәтижесі өте зор болды. Қазақстанның қазіргі экономика жағындағы жетістіктерді айтып бердік. Содан кейін осы жақтағы ағайындардың пікірін тыңдадық. Бірталай идея болды.

Форум аясында қор мүшелері Өзбекстандағы қазақ кәсіпкерлерінің жұмыс орындарын аралап, көрші елдегі бизнес өкілдеріне жасалып жатқан жағдайлармен де танысты. Соңғы кездері Өзбекстанда билік пен бизнеске қыз-келіншектер де көптеп келе бастады. Өйткені әйел теңдігі туралы заң қабылданды. Қазақ қызы Клара Садырбаева зейнет жасында болса да Өзбекстан жастарының Қазақстанда білім алуына қолдау көрсетіп келеді. Енді іскер әйел Нүкіс қаласында шағын ұн диірменін ашпақ ойы бар. Қазақстаннан бидай алып, тарихи отанына күріш жеткізбек. 

Клара Садырбаева, диаспора өкілі:

– Президентіміз бізге жан жақты қолдау көрсетіп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанның ауыз біршілігінің, достығының тыныштығының арқасында осы жоспарларды үлкен деңгейде көрсету керек.

Форум аясында Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы мен Отандастар қоры және Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығы арасында үш жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұған дейін Ыстамбұл, Мюнхен және Сан-Франциско қалаларында өткен кездесу алда Ұлыбритания, Ресей мен Қытайда жалғаспақ.  Негізгі мақсат – екі елдің экономика саласында қарым-қатынасты нығайту, соның ішінде қандастарымыздың бизнесін көтеру,дейді шараны ұйымдастырушылар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы